Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мемлекет мүддесіне қарсы схема": депутат орман өрті мәселесін көтерді

Опубликовано:

Өрт сөндірушілер Абай облысындағы орман өртін сөндіруде
Өрт сөндірушілер Абай облысындағы орман өртін сөндіруде. Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Кейінгі екі жылдағы екі алапат өрттен келген залалдардың сомасы 182 миллиард теңге болған және 100 мың гектардан астам орман жойылған. Бұл деректі мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин үкімет сағатында мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

2022 жылы Қостанай облысының аумағында болған өрт 40 мың гектарға жуық орман аумағын құртса, өткен жылы Абай облысында болған өрт 63 мың гектар орман алқабын жойды.

Депутат өткен жылдың қыркүйек айында мемлекет басшысы экология министріне ведомстволық бағынысты ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктерде орман өрттерінің ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тездетіп енгізу, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар бергенін еске салды.

"Бүгінгі баяндамалардан президенттің тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстар басталғанын көріп отырмыз. Алайда осындай ахуалға алып келген кейбір жүйелі мәселелер толық шешімін тапты деп айту қиын. Егер оларды түзетуді қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта өрттердің қайталануы әбден мүмкін. Өйткені алдағы жаз айлары қатты ыстық болады деп болжануда, сондықтан дайындықты қазірден бастауымыз керек", - деген депутат бірнеше ұсыныс айтты.

Депутаттың айтуынша, өртке қарсы күрестің әлемдік озық тәжірибелері көрсетіп отырғандай, өрттің шығуын ерте анықтау және оған шұғыл ден қою, өртті жедел әрі уақтылы сөндірудің бірден-бір мүмкіндігі болып саналады.

"Үкімет сағатына дайындық аясында комитетіміздің бір топ депутаттары болып тәулік бойы орманды автоматты режимде бақылайтын орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен танысу үшін Бурабай ұлттық паркіне барып қайттық. Жүйені енгізу кейінгі 3 жылда өрттер ауқымын 4 есеге , өрт ошақтарына шұғыл ден қою уақытын 3 есеге төмендетуге мүмкіндік берген.

Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде бейнебақылау жүйесі бар, бірақ оларды заманауи талапқа сай жетілдіру керек. Өкінішке қарай, бұл жүйе барлық орманда енгізілмеген.

"Семей орманы" қорығы аумағында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу үшін қажет 4,1 млрд теңге қолдау таппай отыр. Жаңа үкімет бұл мәселеге қолдау білдіріп, ал тиісті министрліктер мен әкімдіктер осындай жүйені өңірлерде енгізу үшін барлық мүмкіндікті қарастыруы қажет", - деді Жаңбыршин.

Оның ұсынысы бойынша, экология министрлігі ормандағы жағдайды бақылау үшін Аэроғарыш комитетімен бірлесіп, термалды (ауа температурасы жоғары) нүктелерді анықтау бойынша ғарыштық мониторингті әзірлеу және жүргізу керек, бұл өрттерді сөндіру жөніндегі тиісті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

"Ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде анықталған жүйелі кемшіліктер қатарында орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету әлі де өзекті болып отыр және шұғыл шешуді қажет етеді", - деді ол.

Депуттатың сөзінше, Абай облысында болған өрттің талдауы көрсеткендей, арнайы техникалар өрт орнына жете алмады. Өйткені техника паркі өткен ғасырдың 70-80-жылдары шығарылған көліктерден құралған, материалдық-техникалық база ішінара болса да жаңартылмаған. Осының салдарынан 2023 жылы болған өртті дер кезінде ауыздықтауға қорық дайын болмай шыққан.

Прокуратураның мәліметі бойынша, Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылықтарын жабдықтау 40 пайыз деңгейінде. Қазіргі таңда 6,8 миллиард теңге қажет ететін 2260 өрт сөндіруге арналған техника мен жабдық қажет, 44 өрт сөндіру бекетінің 5-еуі техниканың бұзылуына байланысты істемей тұр.

Мәжіліс депутаты орман өрттерін, ағаштарды заңсыз кесу мен браконьерлік фактілерін анықтау мақсатында ормандарды бақылау күзеті үшін пилотсыз ұшу аппараттарын жаппай пайдалануды енгізу қажет екенін айтты.

"Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдану бақылау күзеті үшін тікұшақтарды пайдалануды және олардың ұшу сағаттарын азайтуға мүмкіндік береді және тікұшақтарды көбінесе өрт сөндіру үшін пайдаланған дұрыс.

"Ертіс орманы" және "Семей орманы" орман қорықтарының таспалы ормандарында найзағай жарқыншақтарынан туындайтын өрттердің санын азайтуға мүмкіндік беретін найзағай тартқыштарды орнату маңызды рөл атқарады. Найзағай тартқыштарды орнату үшін олардың қажетті саны мен орнату орындарын анықтау жөніндегі тиісті жұмыстарды жүргізу қажет", - деді Жаңбыршин баяндамасында.

Кейінгі екі жылдағы екі ірі өрттен келген залалдардың сомасы 182 миллиард теңгеге жеткен және 100 мың гектардан астам орман жойылды.

Орманды қалпына келтіруге кемі шамамен 20-30 жылдай уақыт кетеді. Ал осы іс-шараларға жалпылама есептеулер бойынша 150,9 миллиард теңге қажет болады. Яғни жалпы шығын шамамен 384 миллиард теңгеге жетіп отыр.

Ал азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, республиканың барлық орман шаруашылығын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін 68 миллиард теңге қажет екен.

"Орман заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын Орман шаруашылығы комитетінің жұмысы да көңілден шықпай отыр. Кейінгі 2 жылда табиғатты қорғау мекемелерінің объектілерінде 80-нен астам тексеріс жоспарланғанымен, тек біреуінде тексеріс жүргізілген. Басқаша айтқанда, комитет республика өңірлеріндегі нақты ахуалдан және нақты мәселелерден хабарсыз деуге болады", - деді ол.

Оның сөзінше, бұл кешенді тексеру жоспарларын өткізу кезінде комитет басшылығының өзекті әрі маңызды мәселелерді ескермейтінін және осы салада қалыптасқан жағдайдан бейхабар екенін көрсетіп отыр.

Депутаттың айтуынша, орман мекемелерінде кадр жетіспейді.

Мысалы Шығыс Қазақстан облысының 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет атқарады, бұл нормативтің 70 пайызы. Бір орманшының қамтитын аумағы 3 мың гектардай.

"Жүктеме үлкен. Бұдан басқа жалақы мен әлеуметтік қолдау сұрақтары, орман мекемелерінің қызметкерлерін орман өрттерін сөндіру тактикасы мен тәсілдеріне оқыту, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша сапалы даярлау жүйесінің болмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жоғары оқу орындарында "орман ісі" мамандығы бойынша гранттар санын арттыру және Төтенше жағдайлар министрлігі оқу орталықтарының базасында орман өрттерін сөндіру станцияларының қызметкерлерін оқыту мен үйретуді қолға алу қажет"- деді депутат.

Ол "орман саласын дамытуға ғылымның іс жүзінде толық қатыспай отырғаны анық" екенін атап өтті. Қазақстанда орман шаруашылығы саласындағы жалғыз ғылыми-зерттеу институты бар, ол – Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты. Институт орман өртін алдын алу, өртенген орманды қалпына келтіру бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын қарқынды қолға алу қажет. Шетелдің ғылыми орталықтармен де байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс жасауда өзекті мәселеле.

"Тиісті мемлекеттік органдар климаттық технологиялардың мүмкіндіктерін зерделеп, оларды өрт қаупі жоғары орман алқаптарында жаңбыр жаудыруға пайдалану мәселесін қарастырған жөн"- деді Жаңбыршин.

Сондай-ақ ол рман аумақтарын өртке қарсы жабдықтауда орман ішіндегі инфрақұрылымды жаңалау және салу басты рөл атқаратынын да атап өтті.

"Өрттерді оқшаулау нүктелері туралы ақпаратты беру кезіндегі үлкен мәселе – орман шаруашылығы аумағында сапалы ұялы байланыс пен интернеттің болмауы. Орман шаруашылығы аумақтарында мобильді байланыспен және интернетпен қамту аймақтарын кеңейту қажет, сондай-ақ отандық IT мамандарды тарта отырып, қымбат емес, өзімізде шығарылған мобильді және тиімді хабарлау жүйелерін әзірлеу керек"- деген ұсыныс айтты депутат.

Оның сөзінше, бұл өрт ошақтарын бастапқы анықтау кезінде тиімді әрекет етуге және орман өрттерін мониторингілеу мен сөндіру барысында барлық қызметтердің өзара іс-қимылын арттыруға мүмкіндік береді.

"Бәрімізге белгілі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылдан бастап 5 жыл ішінде орман қорында 2 миллиардтан астам және елді мекендерде 15 миллион ағашты отырғызу жөнінде тапсырмасы бар. Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында да көгалдандыру мәселесін Үкімет пен әкімдерге тағы да тапсырды.

Мысалы Павлодар облысындағы үш орман шаруашылығында бірде бір питомник жоқ. Мұндай жағдай батыстағы облыстарда да орын алып отыр. Қостанай облысында көшеттік материалдармен қамту 50-60 пайыз ғана.

Ал қазір әкімдіктер отырғызу материалдарын шетелден алуды жоспарлауда, тіпті сатып алып жүр. Отандық бизнесті дамытуға ақша жоқ, бірақ сырт елдерден көшет сатып алып, шетелдік бизнесті қолдауға ақша бар. Нағыз мемлекет мүддесіне қарсы схема! Жергілікті прокуратура мен Антикор қайда қарап отыр?! Әлде олар "крыша" болып жүр ме?!" - деді Жаңбыршин.

Оның пікірінше, аталған институтты енгізу орман алқаптарын ұлғайтуға ықпал етіп, питомниктер пайда болып орман бизнесін дамытуға серпін береді. Ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, көгалдандыру жұмыстары қажетті материалдармен қамтамасыз етіледі және экологиялық ахуал жақсара түседі.

Сонымен қатар депутат орман шаруашылықтарының өзін-өзі ақтауға ішінара көшуі мәселесін пысықтау қажет екенін баса айтты.

"Бұл орман шаруашылықтарының ағаш өңдеу, қосалқы шаруашылықтар ашу жөніндегі қызметін жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтетін болады.

Ағаш материалдарының айналымын бақылауды күшейту мақсатында ағаш өнімдерін электрондық таңбалауды енгізу қажет. Бұл сүректің көлеңкелі айналымының жолын кесуге мүмкіндік береді, сүректі тасымалдау неғұрлым ашық болады.

Егер бұл ұсыныс заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет ететін болса, Мәжіліс депутаттары қолдауға және осы жұмысқа белсенді түрде араласуға дайын"- деді мәжілс депутаты.

Оның сөзінше, ррман шаруашылығын басқаруда бірыңғай тәсіл жоқ.

"2002 жылы 122 орман шаруашылығы мекемесі, яғни Қазақстан орман алқабының 75 пайыз жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілген. Бұл ретте республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайту және жергілікті бюджет қаражаты есебінен аталған орман шаруашылықтарын дамыту көзделген болатын. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, өткен 22 жыл ішінде орман мекемелері тиісті деңгейде дамымады.

Өкінішке қарай, оларды жергілікті бюджеттен қаржыландыру қалдық қағидаты (остаточный принцип) бойынша іске асырылуда, өйткені облыс бюджеттерінде әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері басымдыққа ие. Барлық орман шаруашылықтарын Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағына беру мәселесін қарастыру қажет", деді депутат.

Мәжіліс депутаты қазіргі кезде Қазақстанда орман шаруашылығын дамыту және сақтау мәселелерін қамтитын мемлекеттік стратегиялық құжат жоқ екенін қоса айтты.

"Орман кодексінің 8-бабының 1) тармақшасында Қазақстан республикасы үкіметінің орман саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу жөніндегі құзыреті көзделген. Алайда, осы норма қабылданған кезден бастап ол әлі іске асырылған жоқ. Ұзақ мерзімді перспективаға арналған стратегиялық құжат түріндегі мемлекеттік орман саясаты әзірленіп, бекітілмеген. Сонымен қатар министрліктің де, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің де басшыларының жиі ауысуы елімізде орман шаруашылығын басқарудың жүйесіздігіне және орман шаруашылығын дамыту ісінде бірыңғай мемлекеттік ұстанымның болмауына әкелді", - деп түйіндеді сөзін Жаңбыршин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060460-memleket-muddesine-qarsy-sxema-deputat-orman-orti-maselesin-koterdi/

pixel