"Келіспей қалған": Атырауда жасөспірімдердің төбелесі видеоға түсіп қалған
Жарияланған күні:
Читать на русскомӘлеуметтік желіде мектеп оқушыларының жанжалы түсірілген видео тарады. Онда сырт киімін киіп жатқан оқушыға екінші жасөспірім жұдырық жұмсап, теуіп бет-аузын қан қылғанын көруге болады. Бұл оқиғаға қатысты Атырау облысының полиция департаменті түсінік берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ПД мәліметінше, зардап шеккен баланың ата-анасы полицияға арыз жазып, № 42 мектепте болған оқыс оқиға бойынша тәртіп сақшылары тексеру жүргізуді бастады.
Таяқ жеген баланың анасының айтуынша, мектептегі оқушылар оның ұлынан ақша сұрап, күнде әлімжеттік көрсетеді екен.
"12 ақпан күні сағат 18:00 шамасында №42 мектепте 2011 жылы туған екі жасөспірім өзара келіспей қалған. 12 жастағы оқушы әкесінің арыз-шағымы бойынша 2011 жылғы жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамасы толтырылып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды", - делінген хабарда.
Бүгін 13 ақпанда жалпы білім беретін №42 орта мектептің оқушыларымен полиция қызметкерлері кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
"Құқықбұзушылыққа жол берудің салдарынан өз болашағына кесірі тиюі мүмкін екені түсіндіріліп, оқушыларға жат әдет-қылықтардан аулақ болудың тиімділігі айтылды. Сондай-ақ, құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік туралы да түсіндірілді", - деп мәлім етті Атырау қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060796-kelispei-qalgan-atyrauda-zasospirimderdin-tobelesi-videoga-tusip-qalgan/