"Ұлт ұстазы" деген атақ 10 мың теңге тұрады": депутат мемлекеттік рәміздерді ретсіз қолдануға тосқауыл қоюды ұсынды
Жарияланған күні:
Мәжіліс отырысында депутат Аманжол Әлтай мемлекеттік рәміздер бейнелеген жалған атақтар мен құнсыз медальдар қатпап кеткенін сынға алды. Осыған байланысты ол премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға Ұлттық рәмізтану орталығын құру туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ мәжіліс отырысына сілтеме жасап.
Депутат Аманжол Әлтай депутаттық суалында жеке адамдардың тойларында да жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды жыртыс таратқандай үлестіретіндерді сынға алды.
"Мысалы, сіз 50 мың теңгеге пысықай ұйымның атынан "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" медаліне, ал 100 мың теңгеге "Қазақстанның құрметті азаматы" атағына ие боласыз. Сан ғасырлық елдік тарихымызда "Ұлт ұстазы" деп халық ұсынған сәулелі сөзді қастерлеп Ахмет Байтұрсынұлына ғана қолданатын едік, қазір "Ұлт ұстазы" деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып ала саласыз. Академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтбаев секілді ғұлама ғалымдар елестеуші еді, қазір 200 мың теңге беріп, қаптаған түсініксіз академиялардың жалған академигі бола саласыз. Міне, асылдың – жасыққа, құндының - құнсызға, қымбаттың - арзанға, мөлдірдің - батпаққа айналуының нақты көрінісі", - деді Аманжол Әлтай
Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздерімізді ретсіз қолданып, жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тапқыш пысықайлардың әрекеттеріне құқықтық негізде тиым салу керек.
"Рәмізтану - бұдан кең ауқымдағы зерттеулерді қажет ететін сала. Сондықтан бұл жұмыстармен айналысатын мекемені "Геральдикалық зерттеу орталығы" деп емес, "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп аталғаны жөн. Өйткені, рәмізтану нысанында мемлекеттік рәміздермен қатар, ертедегі символдық таңбалардан бастап, ою-өрнектер тіліне дейін қамтылады және олардың рәміздік мән-мағыналары ашылады. Рәміздер мәселесін өз елінің тарихымен сабақтастыра қарастыру әлемнің Жапония, Франция сияқты дамыған елдерінің тәжірибесінде бар. Осыған орай, біздің рәмізтану арнайы ғылым ретінде қалыптасатын уақыт келді", - деді ол депутаттық сауалында.
Жоғарыда айтылған ойлардың түйіні ретінде депутат келесі ұсыныстарды айтты:
1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасынан нәтиже шығарып, аймақтар мен қалалардың таңбасын әлемдік стандарттар негізінде бірыңғай үлгіге икемдеп әзірлеу және бекіту тәртібін ретке келтірген жөн.
2. Қазіргі Геральдикалық зерттеу орталығының атауын "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп өзгерту мәселесі қарастырылсын.
3. Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісіне рәмізтанушылармен қатар, тарих, археология, этнография салаларының мамандарын да кеңінен тарту қажет.
4. Мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамда патриоттық сезімді орнықтыру үшін балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-да рәмізтану бойынша арнаулы тәрбиелік іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі өтуге тиіс.
5. Мемлекеттік рәміздердің элементтерін, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060909-ult-ustazy-degen-ataq-10-myn-tenge-turady-deputat-memlekettik-ramizderdi-retsiz-qoldanuga-tosqauyl-qoyudy-usyndy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.