Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"5 ұлдан кейінгі қыз": Түркістан облысында фельдшерлер келіншекті телефон жарығымен үйде босандырып алған

Опубликовано:

Босанған ана
Босанған ана. Видеодан кадр: instagram.com/qazaqstantv

Түркістан облысы, Төле би ауданындағы жедел жәрдем қызметкерлері боранды түнде шақыртуға жаяу жетіп, аяғы ауыр келіншекті аман-есен босандырып алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Төле би ауданы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, оқиға 8 ақпанда шалғайдағы Алатау ауылында болған. Қар бораған түнде шақыртуға барған 103 қызметкерлері үйге көлікпен жете алмай, жарты жолда жаяулатады. Қолайсыз ауа райынан шақыртуға барған үйде жарық болмаған. Медицина мамандары толғағы қысқан әйелді перзентханаға уақтылы жеткізе алмайтынын түсініп, шұғыл үй жағдайында жүкті әйелді ұялы телефонның жарығымен босандырып алды.

"Босанған әйел мен бала Леңгір қалалық ауруханасына жеткізілген. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында бала мен ананың өміріне қауіп болмаған. Боранды түнде шақыртуға барған Төле би аудандық №12 жедел-жәрдем бекетінің қызметкерлері – Ербол Сартаев, Асан Алтаев, Нұржан Пернебек. Осылайша 103 қызметкерлері қолайсыз ауа райына қарамастан, науқастарға шұғыл көмек көрсете білді", - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

"5 ұлдан кейін дүниеге келген Ақниет есімді қыздың салмағы 3,03 кг, бойы 54 см болып туды. Жедел жәрдем қызметкерлері келген соң, перзентханаға үлгермейтінімізді біліп үйде босанып қалдым. Қыстың қақаған аязында нағыз ханшайым болды", - деп сұхбат берді босанған ана "Таңшолпан" бағдарламасына.

Босандырып алғаннан соң ана мен баланы төтенше жағдай департаменті қызметкерлері жол талғамайтын көлікпен 1,5 сағаттан соң перзентханаға жеткізген.

Дәрігерлер ана мен баланың жағдайы жақсы екенін, перзентханадан шығуға дайындалып жатқанын мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060927-turkistan-oblysynda-borandy-kuni-feldserler-kelinsekti-telefon-zarygymen-uide-bosandyryp-algan/

pixel