Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы "Медеу" мұз айдынының атауы кімнің құрметіне қойылған

Опубликовано:

Медеу мұз айдыны
Медеу мұз айдынының көрінісі. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Медеу" - әлемге белгілі мұз айдыны. Сырғанау маусымында мұз айдынына күніне екі мыңнан астам адам келеді. Бұл жазбамызда Медеу мұз айдынының тарихына және неліктен "Медеу" атауы берілгеніне тоқталамыз.

Медеу мұз айдыны туралы

"Медеу" — теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте, Алматы қаласының маңында, "Шымбұлақ" тау курортынан сәл төменірек, Медеу шатқалында орналасқан биік таудағы спорт кешені.

Медеу табиғи мұз айдыны ретінде 1951 жылы пайдалануға берілді. Ал Медеу спорт кешені 1972 жылы тұрғызылды. 1975 жылы құрылысқа атсалысқан архитекторлар В.З. Кацев, А.С. Қайнарбаев және инженер С.Б. Матвеев пен он шақты адамға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

visitalmaty.kz сайтының мәліметінше, Медеу — жасанды мұз алаңының ең үлкен ауданы — 10,5 мың м2 құрайтын қысқы спорт түрлеріне арналған әлемдегі ең ірі биік таудағы кешен.

stan.kz сайтындағы Медеу спорт кешені туралы жазбада жарыс жолының ені — 5 м, айналымы — 400 метрді құрайтыны жазылған. Айдынның ортаңғы бөлігі хоккей ойынына және мәнерлеп сырғанауға арналған. Кешенде 12,5 мың орындық, 2 жүзу бассейні, спорт залы, мейманхана, асхана, кинозал, кітапхана орналасқан. Жасанды мұз айдынының астыңғы жағының биіктігі — 2,3 м, 20 түрлі материал қабаты үлкен темір бетон тақтаның үстіне орналастырылған. Мұнда ұзындығы 170 метрлік салқындатқыш темір құбырлар тартылған. Мұз айдынының жарық боп тұруы үшін 8 тұғырға 1600 қуатты шамдар орнатылған.

Алматының мұз айдыны "рекордтар фабрикасы" деген атауға ие болған. Себебі мұз айдыны конькимен жүгіру спортының жоғары нәтижелеріне жетуге мүмкіндік береді. Мұнда ерлер мен әйелдер арасында барлық қашықтық бойынша 200-ден астам әлемдік рекордтар орнатылды. Республикалық маңызы бар нысан қала құрылысы және сәулет өнерінің Мемлекеттік ескерткіші болып саналады.

Жазғы маусымда "Медеу" мұз айдыны ролик, скейтборд, гироскутермен сырғанайтын және жеңіл атлеттердің жаттығу орнына айналады.

Медеу шатқалы
Медеу мұз айдыны. Көрнекі сурет: pixabay.com

Медеу атауы кімнің есімімен байланысты?

"Медеу" мұз айдының атауы Медеу Пұсырманұлының есімімін байланысты екенін білеміз бе? Медеу Пұсырманұлы деген кім? astanatv.kz мәліметіне сүйенсек, Медеу Пұсырманұлы Қапшағай мен Мыңжылқыға дейін жайылған мыңғырған малдың иесі болған. Бірақ жиған-тергеніне малданған жуан қарын шонжар емес, аз өмір сүрсе де, еліне игі еңбегі сіңген қайраткер болған екен. Медеу бала кезінде кедейліктің қамытын бір кісідей киіпті. Ал өсе келе кәсіптің көзін тауып, мал-мүлік жиған. Ол Жібек жолы бойында жатқан шаһарда сауда дамығандықтан, келімсек көпестермен тығыз байланыста болған. Осылайша орта жасқа келгенде мыңғырған малдың иесіне айналған. Деректерде ол Орта Азия мен Солтүстік Қазақстан қалаларына шикізат өнімдерін саудалау арқылы дәулеттілер қатарына қосылған дейді. Медеу Пұсырманұлы Жетісуда дәуірі жүріп тұрған Ғабдулуәлиев, Пугасов, Юсупов сынды көпестермен дос болған.

"Аты әлемге әйгілі "Медеу" мұз айдыны иеленген тарихи тұлғаның кіндік қаны қазіргі Алматы облысы Қаракестек ауылында тамған. Ал әкесі Пұсырманды қаһармандығы үшін "жырық желке" деп атаған. Сұраншы батырмен тізе қосып, Ресей басқыншыларына қарсы күрескен. Алайда баласы Медеу есейгенде Жетісу губернаторы Колпаковскиймен дос болып, Верный қаласының іргетасын қалауға ат салысады. Медеу өз заманының жоғары табына кірген".

Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Медеу Пұсырманұлы туралы "Әділет" басылымындағы жазбасында мынадай дерек беріпті:

"1902 жылғы ашаршылықта Медеу аш адамдарға барынша көмектесіп, қазақтың "Балдан тамады, бардан жұғады" дегеніндей, кедей-кепшік, шығайларға көп болысып, жәрдемдесіп, олардың қашанда таптырмас қамқоршысы болған және де ет дайындауда және оны ашыққандарға бөліп беруде үлкен көмек көрсеткен. Әсіресе, патша әскерлеріне де, сол таулардың бөктерінде әскери жаттығу жұмыстарын атқарып жүргендерге де тамақ пен қымыз-сусынды тегін беріп отырған. Халыққа үнемі болысып, жоғын жоқтап отырғандықтан ел-жұрт та оны қатты сыйлаған".

Қыдыр қонған, қызыр шалған сәулетіне дәулеті сай Медеу жайлы аңыз әңгіме, өлең-жырлар көп-ақ. Ұлы Жамбыл өзінің Құлмамбетпен айтысында Медеу жайлы былай дейді:

Алматыда барамын Медеу байға,

Алматыдай шаһарда –

Он бес мың теңге төктіріп,

Көк күмбез үйді салдырған.

Асыл тастан оюлап,

Қарасаң көзді талдырған.

Арғы шетін айтайын:

Ташкент пен Наманган

Ақша деген немеңді

Көп қапқа салып алдырған.

Ел көшкенде қазынасын,

Алты нарға арттырған.

Асыл кілем жаптырып,

Жібектен арқан тарттырған,

Алатауды бөктерлеп,

Бұдан да сырғып өтейін.

Қалай айтсаң, олай айт,

Құлмамбет саған төгейін!

Медеу Пұсырманұлы
Медеу Пұсырманұлының бейнесі. Көрнекі сурет: iie.kz

Медеу Пұсырманұлының қандай еңбектерін білеміз?

Медеу Пұсырманұлы Алматы қаласындағы Достық даңғылына алғаш тас төккізіп, екі жағына ағаштан үй салдырған. Ол кезде осы күнгі Медеу шатқалына апаратын жолдың бойына 27 мың адам қоныстанып үлгерген. Медеу мұсылман мектебін ашқызып, онда қазақ балаларын жинаған. Отарланған елде тұрса да, билеуші буржуазиямен бәсекелесіп, болыс атанады. Ол 1908 жылы Кеңес өкіметі орнамай тұрып, Меккеге екінші сапарынан соң қан қысымынан 58 жасында дүниеден өткен еді. Артында үш әйелінен тараған 12 ұлы мен 8 қызы қалған екен. Зертеушілердің айтуынша, ұрпағы советтерге қарсылық танытпай-ақ, мал-мүлкін өз еркімен тапсырыпты.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Р.Е. Оразовтың "Медеудің тарихын білеміз бе?" мақаласында Медеу Пұсырманұлының 1898 жылғы 21 қаңтарында Жетісу әскери губернаторының атына үй салуға рұқсат сұрап жазған өтініші берілген. Өтініштің мазмұны мынадай:

"Үшінші ауыл қоғамының осы жылғы 3 қаңтардағы шешімінде айтылғандай, Комиссар аңғарының бойындағы генерал Колпаковскийдің құлап қалған саяжайының қасына ағаштан үй тұрғызсам деген ойым бар. Жоғарыда айтылған орында ағаш үй салуға рұқсат беруді, мәртебелі тақсыр, өзіңізден өтіне отырып, сол үшін 1897 жылы 20 түп ағаш сатып алғанымды, олардың құрылыс қажетіне дайын тұрғанын ескерткім келеді. Менің өтінішімнен бас тартпауларыңызды сұраймын".

Медеу Пұсырмановтың отбасы
Медеу Пұсырманұлының отбасы. 1913 жыл. Көрнекі сурет: Алматы қаласының тарихы кітабы

Аталған өтініш хатқа Верный уезі бастығынан төмендегідей жауап алады:

"Маған қарасты уездің Кіші Алматы болыстығының үшінші ауылының тұрғыны Медеу Пұсырмановқа ағаштан үй тұрғызуға рұқсат беремін. Сонымен қатар дала ережесінің 125-бабына сәйкес әрбір көшпелі қазақ өзіне тиеселі жерді, қыстаулық орынды, еркінше қажетіне жаратып, бау егуге, баспана тұрғызуға, шаруаға қажетті құрылыс салуға, жалпы еш әкімшіліктің қысымынан қорықпай, әрекет етуге толық мүмкіндігі бар" - деп жазады.

"Медеу" мұз айдынына кімдер тегін кіре алады?

medeu.kz сайтындағы ақпарат бойынша мұз айдынына мына топтағы адамдар тегін кіре алады:

  • 0 жастан 6 жасқа дейінгі балалар;
  • Зейнеткерлер;
  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
  • Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар;
  • 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-ындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдар;
  • Көп балалы отбасылардан шыққан 18 жасқа толмаған балалар;
  • Балалар үйінің тәрбиеленушілері.

Бұл санаттағы адамдар бақылау-өткізу пунктінде растайтын құжаттарын көрсетуі керек. Медеудің мынадай ережелері де бар:

  • Бірге ілесіп жүретін адамдар кіру билетінің құнын төлеуі керек.
  • Билеттердің сатылымы коньки тебу сессиясының аяқталуына 15 минут қалғанда аяқталады.
  • Коньки тебу құқығын беретін төленген кіру билеттері және ондағы қызметтер тек билетте көрсетілген күн мен сеанс үшін ғана жарамды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060948-almatydagy-medeu-muz-aidynynyn-atauy-kimnin-qurmetine-qoiylgan/

pixel