Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өмірін сақтап қалу үшін полиция көлігіне соғылды: қостанайлық такси жүргізушісі жазадан құтылды

Опубликовано:

Трасса
Трасса. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қостанайда такси жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып, полиция көлігімен соқтығысқан. Оның бұл әрекеті аса қажеттілік болғандықтан ақталды, деп хабарлайды Қостанай облыстық сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Соттың ресми сайтында хабарланғандай, Қостанайдың әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты ӘҚБтК 610-бабының 1-бөлігі бойынша істі қарады.

Іс бойынша, 2024 жылғы 7 қаңтарда Қостанай қаласында Карбышев-Чернышевский көшелерінің қиылысында Hyundai Accent Classic көлігін тізгіндеген такси жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, полиция көлігімен соқтығысқаны анықталды.

"Бұл жол ережесін бұзу қылмыстық қол сұғушылықты тоқтату және тәртіп сақшыларынан көмек алу мақсатында жасалған. Себебі жолаушылардың бірі мас күйінде оның тамағына пышақ тақап, ақша талап еткен және Петропавлға алып бар деген", – деп түсіндірді сотта.

Сот такси жүргізушісінің іс-әрекеті аса қажеттіліктен туындағандықтан және оның шегінен шығуға жол берілмегендіктен, оның іс-әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық құрамы жоқ деген қорытындыға келді.

Сот қаулысымен бұл іс әкімшілік құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың 6-нан 7-не қараған түні Рудный қаласының екі тұрғыны таксимен облыс орталығына жеткен. ІІМ мәліметінше, қалаға кіреберісте жолаушылардың бірі такси жүргізушісінің мойнына пышақ тақап, ақша және басқа жаққа апаруын талап еткен. Полиция көлігін көрген такси жүргізушісі назар аударту үшін онымен әдейі соқтығысқан. Осы сәтті пайдаланған такси жүргізушісі қауіпсіз қашықтыққа қашып үлгереді.

Күдікті оқиға орнынан қашып кетуге тырысқанымен, оны патрульдегілер ізін суытпай ұстады. Автокөліктердің соқтығысуы салдарынан ешкімнің зардап шекпегені атап өтілді. Қызметтік автокөлікке аздаған зақым келген.

ӘҚБтК 610-бабының 1-бөлігіне сәйкес, көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы 20 айлық есептiк көрсеткiш (73 840) мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061147-omirin-saqtap-qalu-usin-policiya-koligine-sogyldy-qostanailyq-taksi-zurgizusisi-zazadan-qutyldy/

pixel