10 жыл бойы өлілер тізімінде тұрған ақтөбелік әйел өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласының тұрғыны мемлекеттік жүйеде 2014 жылдан бері өлілер тізімінде тұрғанын, әлі күнге дейін мәртебесін өзгерте алмай жүргенін айтты. Оның сөзінше, қалада мұндай "өлгендер" көп, деп жазады "Диапазон" газеті.
Ақтөбелік Екатерина Иванцова оқиғасын жария ету үшін БАҚ өкілдеріне жүгінді. Ол өзінің ерекше мәртебесі туралы 2020 жылы білген.
"2020 жылы зейнетақы қоры үй телефоныма қоңырау шалып, осы мекенжайда тұрдым ба, соны сұрады. Неліктен мен туралы өткен шақта айтып жатқанын түсінбедім, мен әлі де осы мекенжайда тұратынымды айттым. Қор қызметкері абдырап қалды, ол маған шұғыл түрде Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласуым керек екенін, өйткені олардың базасында 2014 жылдан бері қайтыс болғандардың тізімінде тұрғанымды айтты", - дейді ол.
Сол кезде зейнеткерлікке шығуына бір жыл қалғандықтан, ол мәселені дереу шешуді ұйғарыпты.
Ақтөбелік әйел Халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Оның айтуынша, Халыққа қызмет көрсету орталығында осындай мәртебесі бар төрт адам кезекте тұрған. Алайда, ХҚО қызметкерлері Екатеринадан тірі екенін дәлелдеп, куәгерлер әкелуді сұраған.
"Мен куәгер ретінде әпкем мен жездемді әкелдім, олар менің мен екенімді дәлелдейтін арыздар жазды. Арыз Алматыға жіберілді, 3 айдан кейін мені өлілер мәртебесінен алып тастады. Ол кезде ешқайда шағымданып, арыз жазбадым, оған мұршам болмады", - деді ол.
Содан бері 4 жыл өтті, әйел зейнеткерлікке шықты, бірақ банкке хабарласқанда оның ЖСН салық басқармасында жоқ екеніy хабарланған.
"Мен салық басқармасына бардым, олар маған 2014 жылдан бері "өлім" мәртебесі тұрғанын айтты. Мен бұдан ары шыдай алмадым, "Диапазонға" жүгіндім, қалада "өлген" адамдар көп, бұл мәселені қандай да бір жолмен шешу керек" , - деп ашуланды Ақтөбе тұрғыны.
Азаматтардың хал актілерін жазу бөлімінің өкілдері осы жайтқа пікір білдірді.
"Иванцоваға қатысты бұл жағдай қалай болғанына біз жауап бере алмаймыз, өйткені АХАЖ жүйесінде қайтыс болғаны туралы акт жоқ. Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасы бар, онда басқа бөлімшелердің интеграцияланған ақпараттық жүйелері бар, сондықтан бұл жағдай қандай кезеңде болғанына біз жауап бере алмаймыз, бірақ бізде қайтыс болғаны туралы актілік жазу жоқ", - деді АХАЖ бөлімінің мамандары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061356-10-zyl-boiy-oliler-tiziminde-turgan-aqtobelik-aiel-ozinin-tiri-ekenin-daleldei-almai-zur/