Даудан кейін АМӨЗ-дің жаңадан тағайындалған директоры мен бас инженері жұмыстан кетті
Жарияланған күні:
"ҚазМұнайГаз" өкілдері Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Жусанбаев пен кәсіпорынның бас инженері Әділет Шошанбасов жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
АМӨЗ бас директоры және бас инженері лауазымдарынан босату туралы шешім қабылданды.
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ комиссиясы жұмысының нәтижелері бойынша "АМӨЗ" ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаевты және бас директордың орынбасары-бас инженер Әділет Шошанбасовты қызметтен босату туралы шешім қабылданды", - делінген "ҚазМұнайГаз" ресми Telegram-арнасында.
Сонымен қатар, бас директордың міндеттерін орындау "АМӨЗ" ЖШС бас директорының орынбасары – техникалық директор Олег Лизловқа бұдан әрі шешімдер қабылданғанға дейін жүктелетіні айтылған. Зауыт мұнай өнімдерін өндіруді және жөнелтуді штаттық режимде жалғастыратыны белгілі болды.
Айта кетейік, Ғалымжан Жусанбаев 2024 жылдың 10 қаңтарынан бастап Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) бас директоры қызметін атқарған.
Еске салайық, бұған дейін зауыттың бас инженері Әділет Шошанбасов жаңа бас директор Жусанбаевты зауытта қауырт жағдай жасады, балағат сөздер айтты және кәсіпорын басшылығы тарапынан ықтимал қаржылық ұрлық жасады деп айыптаған видеоүндеу жасаған болатын.
Сонымен қатар Желіде Ғалымжан Жусанбаевты "АМӨЗ" ЖШС бас директоры қызметінен босату туралы петицияның мәтіні пайда болды. Оған зауыттың 500-ге жуық қызметкері қол қойғаны белгілі болды.
Бұған жауап ретінде Жусанбаевтың өзі видеоүндеу жасады. Әлеуметтік желілердегі көптеген өтінішке байланысты тексеру жүргізу үшін жұмыс тобы құрылған.
Компания сайтындағы мәлімет бойынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты ("АМӨЗ" ЖШС) - Қазақстанның жетекші үш мұнай өңдеу зауытының бірі.
Ұлы Отан соғысы жылдары салынған және 1945 жылы пайдалануға берілген. Мұнай өңдеу зауытының иесі - "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ (99 пайыз). Өңдеу қуаттылығы жылына 5,5 млн тонна, өңдеу тереңдігі 86,4 пайыз.
Кәсіпорын тауарлық мұнай өнімдерінің 20-дан астам түрін (таңбалауды қоса алғанда) шығарады: сұйытылған көмірсутекті газдар, автомобиль, дизель отыны, реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, вакуумдық газойль, пеш отыны, мазут, кеме отыны, мұнай кокстары, техникалық күкірт, параксилол, бензол және тағы басқасы. Бүгінгі таңда зауыт - Қазақстандағы мұнай-химиялық өнімді шығаратын бірден-бір өндіруші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061799-daudan-keiin-amoz-din-zanadan-tagaiyndalgan-direktory-men-bas-inzeneri-zumystan-ketti/