Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкенің рөлін сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба?": депутаттар "Отағасы туралы" заң қабылдауды ұсынды

Жарияланған күні:

Шелек өзені аңғарындағы жайылымда дәстүрлі киім киген отбасы
Шелек өзені аңғарындағы жайылымда дәстүрлі киім киген отбасы. Фото: Education Images/Universal Images Group via Getty Images

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң жобалары қаралды. Осы орайда депутаттар заң жобасындағы әкелер рөліне қатысты мәселе көтеріп, әкелер туралы заң қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Депутат Аманжол Әлтай бүгінгі қоғамда ер азаматтардан қысым көрген әйел ғана емес, әйелден қысым көретін азаматтар да бар екенін айтты. Сондай-ақ ол қартайған шағында балаларынан қысым көріп отырған қарт ата-аналар да көп екенін айтты.

"Біз "әкеммен ақылдасайын", "әкемнен сұрайын", "әкем біледі" деген түсінікпен өскен буын едік, қазір "мамам біледі", "мамамнан сұранайын", "мамам шешеді" дейтін балалар көбейіп бара жатыр.

Білегінен әл кетіп, бойынан қуат кеткен шағында өзінің туған балаларынан зорлық-зомбылық көретін ата-аналар да көбейіп барады", - дейді ол.

Осы орайда депутат баяндамашыдан қоғамдағы ер-азаматтардың құқығын және ата-аналардың құқығын қорғау мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

"Бұл заң жобасы тек қана әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қарастырмайды. Мысалы денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу бабы барлық азаматтымыздың құқығын қамтитынын атап өткім келеді.

Сондықтан да бұл әйел мен ер-азаматтарды бөлмей, "әйелдің құқығы – адамның құқығы, ер- азаматтың құқығы да адамның құқығы" деген қағидаттың негізінде іске асырылып отыр", - деп жауап берді заң жобасын таныстырған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, балалар зейнеттегі әке-шешесіне қамқорлық көрсетуі Конституцияның 27-бабында нақты белгіленген. "Бұл тұрғыдан тәрбиені, ақпаратты, психологиялық қолдау мәселелерін күшейту қажет" деген Сүлейменова заң жобасында бұл мәселелер бар екенін атап өтті.

Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бәпи де заң жобасындағы әкенің рөліне қатысты мәселе көтерді.

"Біз заң жобасының табиғатынан, лейтмотивінен әкенің рөлін, ер-азаматтың рөлін сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Біздің назардан шығармайтын бір мәселе бар. Залда отырғандардың көбі "әкең келе жатыр", "әкең сазайыңды береді" деген тәрбиемен өстік. Осы тұрғыдан келгенде біз әкенің, ер-азаматтың рөлін көтеру үшін "Отағасы туралы" заң қабылдауымыз керек шығар", - деп ұсыныс білдірді депутат.

Бұл ретте Сүлейменова жаңа заң жобасына патриархалдық озбырлыққа тосқауыл қоятын баптар енгізілгенін, ондай заңды енгізу қажет болса, әзірлеуге атсалысатынын айтты.

"Менің жеке позициям: әке асқар тау. Қазақтың тәрбиесінде, қазақтың отбасы инстутында әкенің орны да, рөлі де ерекше... Бірақ біз бұл заңмен бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдің бүгінгі таңдағы тұрмыстық қарым-қатынастағы патриархалдық озбырлығына белгілі бір тосқауыл қоятын баптарды енгізіп отырмыз... Елдің болашағын ұлдың болашағымен байланыстырған халықпыз. Дегенмен Конституцияның 33-бабында әйел мен ер азаттың теңдігі көрсетілген.

Жалпы әкелердің отбасындағы рөлін, жауапкершілігін, отбасындағы баланың тәрбиесіндегі ерекше орнын білгілейтін заң қажет болса, бірінші болып әзірлеуге, бірінші болып қабылдауға және оның орындалауына өзім де атсалысқым келеді.

Бірақ бұл заң жалпы бүкіл азаматқа, оның ішінде әйелдің өлімі болған кезде тұрмыстық вандализмнің алдын алуға арналып отырған заң. Заң күшейгеннен кейін қоғам жұдырық ала жүгірмей тұрып ойланатын болады деп ойлаймыз", - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, бүгін мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, заң жобаларына зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеу үшін бірқатар норма енгізіледі. Соның ішінде жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қамтылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062207-akenin-rolin-sumireitip-zibergen-zoqpyz-ba-deputattar-otagasy-turaly-zan-qabyldaudy-usyndy/