Жаралы сезім 2: фильмнің жалғасы жарыққа шықты
Жарияланған күні:
20 ақпанда Еркін Рақышевтың 2007 жылы шығарған "Жаралы сезім" кино картинасының жалғасы саналатын "Жаралы сезім 2" фильмінің тұсаукесері болып өтті. Режиссердің бұл туындысы кезінде елдің ықыласына бөленіп, халық ең көп көрген кинолар қатарында. Фильмнің жалғасы ретінде түсірілген картина не туралы және онда қандай актерлар бой көрсететінін KAZ.NUR.KZ тілшісінің материалынан біле аласыздар.
Алматыда өткен фильмнің тұсаукесеріне көрермен көп жиналды. Картинаның актерлік құрамында бұрынғы актерлар да, жаңа өнер иелері де бар.
2007 жылы жарық көрген "Жаралы сезім" фильмін әлі күнге дейін сүйіп көретіндер аз емес. Фильм сол жылдары жоғары сұранысқа ие болған - жастар бір-бірінен дискіге көшіріп алып, DVD-ден қайталап көретін.
Фильмдегі Арай мен Қанаттың риясыз махаббаты мен басынан өткен хикаясы ешкімді бей-жай қалдырмай, Сократ, Иван, Бокс көрермендердің сүйікті актерына айналған-ды.
"Жаралы сезім-2" фильмінде басты рөлде - жас актер Абай Мәжит. Ол Қанат пен Арайдың ұлы - Азаматты сомдайды. Сюжет бойынша Азамат бүгінде 22 жасқа келген және синтетикалық есірткі сатумен айналысады. Бірде Азамат полицияға ұсталып, түрмеге түседі. Сондай-ақ Азаматтың түрмеде камераластарымен арадағы кикілжің, артынша төбелесі көрініс тапқан.
Азаматтың сүйіктісінің рөлін Шахризада Серікова есімді жас актриса алып шықса, Арайды бұл жолы Регина Шамгунова емес, актриса Әсем Қашағанова ойнайды. Сондай-ақ фильмде Азаматтың қарындасының рөлін Назия Тоқжігітова ойнаған. Жас актриса қарындастың ағаға деген кіршіксіз сүйіспеншілігін көрерменге жеткізді.
Көрермендер жаңа картинада бұрынғы актерлар құрамын да көре алады. Қанат рөліндегі Берік Арықбаевтан бастап, Иванды ойнаған Виталий Куприянов, Сократ - Еркебұлан Тасынов, тіпті Бокс та қайтып оралған.
Қанат рөлін сомдайтын Берік Арықбаев БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, фильмдегі гонорары туралы айтып берді. Айтуынша, "Жаралы сезімнің" жалғасына түсуге бірден келісім берген.
"Осы 17 жыл ішінде киноға ірілі-ұсақты ұсыныстар түсті. Былтыр ғана Қырғызстанда "Министр қыздың махаббаты" фильмінде басты рөлді ойнап шықтым. Одан бөлек кішігірім, эпизодтағы рөлдерім болды. Гонарар туралы айтар болсам, бұл жолы режиссер ренжіткен жоқ", - деп қысқа қайырды ол.
Режиссер Еркін Рақышев кинопремьераға Арай рөлін бірінші фильмде ойнаған Регина Шамгунованы да шақыруды ұмытпапты. Актриса қызыл кілеммен жүріп өтіп, көптің ықыласына бөленді.
Ал режиссер Еркін Рақышев фильмге қолдау білдіріп келген әр жанға алғыс білдірді. Режиссердің айтуынша, фильм жеке қаражатқа түсірілген. Фильмнің продюсері - Керімжан Бижанов.
Айта кетерлігі, кинопремьераға қонақ ретінде мемлекет және қоғам қайреткерлері Амалбек Тшанов, Рысбек Сәрсенбай сияқты танымал тұлғалар шақырылған. Олар да көрсетілімнен соң, пікір бөлісіп, режиссерға табыс тіледі.
"Мемлекеттің емес, жеке қаражатқа мынандай көп-көрім фильм жасау - үлкен табыс. Осы табыстарыңыз құтты болсын. Бұл фильмнің тағы бір табысын айтсам, дәл қазір біз өмір сүріп отырған қоғамда ұмыт бола бастаған, жойыла бастаған бір қасиетті сезім - отаншылдық, патриоттық сезім. Міне соны негізгі лейтмотив етіп, осы фильмді алып шыққан екен. Мұның өзі сүйсінерлік нәрсе. Ғашығынан да отанын артық санайтын жастар бар ма қазір? Бірен-саран, азайып барамыз. Енді мына фильмнен кейін сондай патриот азаматтар көбеюі керек", - деді Рысбек Сәрсенбай.
Амалбек Тшанов та түсірілім тобына жылы лебізін білдірді.
"Бүгінгі фильм тіптен ерекше, кей сәттерінен қазіргі жастардың, жаңа Қазақстанның даму бағытындағы кей мәселелердің бір нышанын көргендей боламыз. Бұның бәрі режиссер мен продюсердің еңбегі. Фильмдегі ұл-қыздарымыз рөлін жоғары деңгейде ойнап шықты. Талантты жастың көп екені қуантады. Әрқайсысын жеке-жеке айтуға болады. Сондықтан барлығыңызға табыс тілеймін. Үлкен жолдардың басы болсын", - деді Амалбек Тшанов.
Ал фильмнің продюсері Керімжан Бижанов картинаның көрерменге айтар ойы, көтерген өзіндік мәселесі бар екенін жеткізді.
"Фильмнің қалай болғанын талқыламай-ақ қойсақ та болады. Фильм көрсетіліп жатқан кезде өздеріңіз екі-үш рет тоқтатып, шапалақ ұрдыңыздар. Оның бәрі осы мәселені бүгін осы көркем фильм арқылы қаншалықты көрсете алғанымыздан, бүгінгі таңда фильмде көтерілген мәселе бар екені сезілгендіктен деп ойлаймын. Сондықтан қолдадыңыздар", - деді продюсер.
"Жаралы сезім -2" фильмі 22 ақпаннан бастап ел кинотеатрларында көрсетіле бастайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062277-zaraly-sezim-2-filmnin-zalgasy-zaryqqa-syqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.