Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

100-ге жуық үй сүрілуі мүмкін: Алматыда жолды ұзарту жоспарына қатысты жанжал шықты

Опубликовано:

Наразылық білдірген тұрғындар
Наразылық білдірген тұрғындар. Фото: astanatv.kz

Алматыдағы Өжет ықшам ауданының тұрғындары жалпықалалық маңызы бар жолдыңТілендиев көшесінің ұзартылуына наразылық білдірді. Осыған байланысты 100-ге жуық тұрғын үй бұзылмақ. Баспанасыз қалатындарын бір апта бұрын ғана естіген жұрт алаңдап отыр, деп хабарлайды Astana TV арнасы.

Телеарна мәліметінше, Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін Тілендиев көшесін 11 км ұзарту жоспарланған. Тұрғындар осынау маңызды шешім шығарарда әкімдік өкілдерінің жергілікті халықпен санаспағанына налиды.

"Өзім зейнетақы аламын. Ертең бұзып тастаса, қай жаққа барамын мен бала-шағаммен? Үй де ала алмаймын, ештеңе де ала алмаймын. Көшені бұзады деп ешкім айтқан да жоқ. Жиналыс болған да жоқ. Әкімдіктен ешкім бізге хабар берген де жоқ. Ешқандай әкімнің түрін де білмейміз. Әкімдіктің берген ақшасы бір үйге де жетпейді", - деді қала тұрғыны Айжарқын Науанова.

Тұрғындар жолдың салынуына түбегейлі қарсы. Жалпықалалық маңызы бар магистральдық көшенің ұзартылуы балалар үшін қауіпті, экологияға да кері әсерін тигізеді, дейді олар.

Алайда әкімдік өкілдері Тілендиев көшесінің белгіленген жолын өзгерту мүмкін емес екенін айтады. Нәтижесінде бұзылатын учаскелердің саны артады дейді. Алатау ауданының сәулетшісі аталған жол құрылысының нобайлық жобасы келісіліп қойғанын жеткізді.

"Тілендиев көшесінің құрылысы Алматы қаласының Бас жоспарында қарастырылған. Жоспар бекітілген кезде қоғамдық талқылау болды. Алатау ауданының тұрғындары қатысқан", - деді Алатау ауданының сәулетшісі Дәурен Алмасбеков.

Ал қала әкімдігі "магистральды жолдарды ұзарту қаланы дамытудың ажырамас бөлігі" дейді. Дәл қазір сатып алынатын жер учаскелерінің саны жерге орналастыру жобасы әзірленгеннен кейін ғана айқындалатынын айтты.

"Қала даму керек. Бірақ жеке мүліктің иелерінің пікірі есепке алынады. Бағасына сәйкес келе ме, я болмаса оның орнына басқа үй талап ете ме, көпқабатты үй, я болмаса жер үй мәселесі - ол бәрі есептелінеді", - дейді Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысы Нұрлан Боранбаев.

Жобалау жұмыстары биыл басталады. Жолдың нақты құрылысы 2030 жылға дейін жоспарланған. Ал баспанасыз қаламыз деп, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған халық енді сотқа жүгінбекші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062543-100-ge-zuyq-ui-surilui-mumkin-almatyda-zoldy-uzartu-zosparyna-qatysty-zanzal-syqty/

pixel