Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте балабақша қызметкерлері мен ата-аналар жаңа меңгерушіге қарсылық білдіріп, жанжал шығарды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Балабақшаның іші
Балабақшаның іші. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шымкенттегі балабақшалардың бірінде жанжал шықты – қызметкерлер мен ата-аналар жаңа меңгерушіге қарсы шықты. Бұл жайтқа Білім басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Басылым ақпаратынша, бөбекжай ұжымы жаңа басшылық жанжалға әкеп соқтыратын жағдайлар туғызып, балаларды балабақшаға тіркеу кезінде заңды бұзып, жұмысшыларды жұмыстан кетуге мәжбүрлейтінін айтқан.

"16 қаңтарда біз Антикорға арыз жаздық. Ұжым арызға қол қойды. Осыдан кейін ол (меңгеруші - ред. ескертпесі) әрқайсымызды кабинетке бөлек шақырып, қорқыта бастады. Онан соң ол топтарға барып, бізді "Неге арызға қол қойдың? Сен өзіңе сенімдісің бе? Қалалық білім басқармасында адамым бар" деп қорқытты.

Бұған қоса қызметкерлер балабақшамызда түскі ас ішеді, оған ақша төлейміз. (...) Біз ұжым болып онымен жұмыс істемейтінімізді айтып отырмыз. Өйткені балабақшада анархия, өктемдік орнаған. Бірақ бізді ешкім тыңдайтын емес", - дейді кәсіподақ комитеті, балабақша психологы Гүлназ Демеуова.

Балабақшаның жаңа меңгерушісіне ата-аналар да қарсы болды.

"Бала бір күн балабақшаға бармаса, өтініш сұрайды, әйтпесе "жоқ" дел белгілемейді, мен сол күннің ақысын төлеуім керек. Бірақ заң бойынша үш күн қалдыруға құқығымыз бар. Бұған қоса тамақтандыруына да көңілім толмайды. Бұрын баламды алып кетерде жеміс-жидек беретін, алма немесе банан беретін. Ал қазір бала аш келеді", - дейді ата-ана Әсел Күлбашева.

Меңгерушінің адвокаты Мұрат Жолшиевтің айтуынша, оның қорғауындағы адам, керісінше, оның алдында осы мекемеде болып келген заңсыздықты тоқтатуға тырысқан.

"Қызметкерлер еңбек инспекциясына хабарлады. Шешім бар. Бұл жағдайда ұжым сотқа жүгіне алады. Меңгеруші заңсыз әрекет етіп жатыр деген шешім жоқ. Қызметкерлер тегін тамақтанып келген, ал аспаз балаларға арналған азық-түлікті ұрлаған. Бізде видео да бар, біз оның бәрін білім басқармасының басшысына дейін көрсеткенбіз", - деді ол.

Бұл жағдайға қалалық білім басқармасы да түсініктеме берді. Басқарма басшысының орынбасары бөбекжайда мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысын ары қарай тексеру үшін бірнеше ведомствоға жіберген.

"Сонымен қатар 17 ақпанда 3 сағаттан астам жұмыста болмау фактісі тіркелді. Осыған байланысты хаттама толтырылды. Бірақ меңгеруші сол уақытта ауруханада болғаны туралы құжат көрсетті.

Қазір Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына құжаттың қаншалықты сенімді екенін анықтау туралы хат жолдадық. Қорытынды негізінде біз осы жағдайға қатысты өз шешімімізді қабылдаймыз", - деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Қазыкенов.

Ал, басылымның жазуынша, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері мен ата-аналар меңгерушінің қызметінен кетуін талап етуде. Әйтпесе, Шымкент қаласының әкімі мен Оқу-ағарту министрлігіне арыз жазбақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062563-symkentte-balabaqsa-qyzmetkerleri-men-ata-analar-zana-mengerusige-qarsylyq-bildirip-zanzal-sygardy/