Ақтөбеде мектептің бас есепшісі жасаған қылмыс: істің жай-жапсары белгілі болды
Жарияланған күні:
Кеше, 22 ақпанда Ақтөбе қаласының № 2 соты Ақтөбе қаласының №55 мектеп-гимназиясының бас есепшісіне қатысты үкім шығарған еді. 400 миллион теңгеден асатын шығын келген істің жай-жапсары белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Антикор таратқан ақпарат бойынша, алдын алу шаралары шеңберінде сот процесі ашық режимде жүргізілген.
Сот процесіне онлайн режимде білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері, оның ішінде Ақтөбе облысының 403 қалалық және аудандық мектептің директорлары, бухгалтерлері, педагогтер құрамы қосылған.
Ақтөбе қалалық мектебінің бас есепшісі аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған. Ол 8 жыл бойы өзінің банктік шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасаған, нәтижесінде мемлекетке 413,8 млн теңге сомасында залал келтірілді.
Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған, бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30 пайызына тең.
Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ ол 10 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Бұған дейін сотталушы өз ісіне өкініш білдіріп, соңғы сөзінде көзіне жас алып, анасынан кешірім сұрағаны хабарланған.
"Мен тергеуге көмектестім. Өз ісімді жасырмадым, мойындадым. Мені қатаң жазаламауды сұраймын. Осы сәтті пайдаланып мен анамнан кешірім сұраймын. Үнемі жақсы ұл болуға ұмтылдым. Сіздің арқаңызда жақсы қыздың жүрегін жаулап, үйлендім, қазір екі немеренің әжесісіз. Бірақ мен лудоманияға шалдықтым. Мен өзімді ұстай алмай, жолдан тайдым. Енді сізді жылатпаймын. Кешіріңіз мені", - деген еді сотталушы соңғы сөзінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062685-400-million-tengeden-asa-zalal-kelgen-aqtobede-mekteptin-bas-esepsisi-sottaldy/