Қазақстандық оқушылар "ЧВК Реданға" өту үшін сынақ тапсырған
Жарияланған күні:
Қарағанды облысындағы білім беру ұйымдарында мектеп оқушыларына оқу компьютерлеріндегі деструктивті ақпарат қолжетімді болған. Бұл туралы облыстық прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қадағалау органының ресми сайтында хабарланғандай, тексеру барысында Қарағанды облысының прокуратурасы оқушыларға деструктивті ақпарат қолжетімді болғанын анықтады.
Түрлі сайтқа кіруге мүмкіндіктері болған студенттер әртүрлі сипаттағы ақпарат алып отырған.
"Мәселен, Шахтинск қаласының оқушылары порнографиялық сипаттағы және есірткі сатылатын орындарды іздеуге қажетті ақпаратты браузерлерде еркін пайдаланған.
Балқашта балалар "ЧВК Реданның" (мүшелері өрмекшінің суреті және "4" саны бар қара киім киетін, сондай-ақ аниме мен манга жанкүйерлерін біріктіретін жасөспірімдердің субмәдениеті - ред. ескертпесі) мүшесі болу үшін сынақ тапсырған. Бұл ұйым агрессивті жастар тобы саналады және қоғамға қауіп төндіреді", - деп түсіндірді департаменттегілер.
Өңірдегі барлық мектепте заңбұзушылықтар анықталғаны атап өтілді.
Прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, кінәлілер жазаланды. Оқушылардың жағымсыз сайттарға кіруін шектеу жұмыстары жүргізілді.
Бұған дейін 2024 жылы мектеп жүйесінде қандай өзгерістер жоспарланғаны хабарланған болатын. Олар бастауыш және орта мектептегі білімге әсер етті.
Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі басшысы Бағдат Мусин Қазақстан мектептерін Starlink спутниктік интернет желісіне қосу туралы пікір білдірген. Оның айтуынша, өткен жылдың аяғына дейін Starlink-ке оның қалай жұмыс істейтінін көрсету үшін 10 мектеп қосылған. 2024 жылдың наурыз айының соңына қарай Илон Масктың интернетіне екі мың мектепті қосу жоспарланып отыр.
2023 жылы Денсаулық сақтау министрлігі білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар ережелеріне өзгерістер енгізді. Онда мектеп оқушыларының экран алдында қанша уақыт отыруға болатыны көрсетілген. Ведомствоның бұйрығына сәйкес, мектепалды даярлық сыныптары мен мектептерде тікелей бейнетерминал, дербес компьютер, планшеттік компьютер және ноутбукпен оқу сағатында сабақтың үздіксіз ұзақтығы балалардың жас ерекшеліктеріне қарай 15-30 минут болуға тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062701-qazaqstandyq-oqusylar-cvk-redanga-otu-usin-synaq-tapsyrgan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.