Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балалар мектепке кіре алмай жүр": Алматы облысында тұрғындар бұралқы иттердің көптігіне шағымданды (видео)

Жарияланған күні:

Қауаған иттер
Қанғыбас иттер. Көрнекі фото: pexels.com

Алматы облысындағы Жібек жолы ауылының жұрты балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр. Өйткені ауылда қаңғыған ит көп. Тіпті, балалардың бірі үрген иттен шошынып, мектепке кіре алмай кері қайтқан. Тұрғындардың айтуынша, бұралқы иттер туралы әкімдікке айтқаннан пайда жоқ, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна ақпаратынша, Жібек жолы аулының тұрғындары соңғы уақытта көшеде емін-еркін жүріп-тұрудан қалған. Айтуынша, қаңғыған иттер ауылда өріп жүр. Бәрінен бұрын балалар үшін қауіптенеді. Сол үшін мектепке өздері апарып, алып келеді екен.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, иттер үйірімен жүреді. Бәрі иесіз, қаңғыған ит деуге келмейді. Себебі мектепке жақын орналасқан үйлердің тұрғындары тұмылдырықсыз бос қоя беретін көрінеді. Өткен-кеткенге абалаған иттердің кесірінен балалар мектепке кіре алмай, кері қайтатын жағдайға жеткен.

"Мектепке балалар келуі өте қиын, келсең ит қаптап жүр. Кіре алмайды балаларымыз. Мысалы, менің балам бүгін мектептің сыртында ит қаптап жүргенін көріп, үйге кетіп қалған. Бұл жерде үнемі ит қаптап жүреді. Тұрғындарға айтарым, иттеріңізді байлап жүрсеңіздер", - деді Эльмира Ибрагимова.

"Таңертең көрген видеомыз сұмдық енді. 15-20 ит жүр мына жерде. Кейбір балалар қашып, кіре алмай жүр. 1-2 бала кіре алмай қайтып кетті осы жерден. Әр тұрғын өз итін байлап, жақсылап қараса екен деген тілегіміз бар. Әкімшілік сол жағын қолға алса, иттерді құртса. Байламай ма, әкімшілік шара қолдансын. Бұл жерде әкімшілік жауап беру керек қой", - деді тұрғын Лиза Орақбаева.

Ал мектеп әкімшілігі ауыл тұрғындарына "сақ болыңыздар" деп ескетркеннен басқағаға құзіретіміз жоқ дейді. Тұрғындарды балаға да, мектепке соңынан еріп келетін өз итіне де ие болуға шақыруда.

"Жиналыстарда да айтамыз, мектепте иттер көбейіп кетті. Байлап ұстаңыздар. Басқа балаларға қауіп төндіруі мүмкін, өміріне, денсаулығына. Әкімдікке шағымданып сұраныс хат жіберіп отырамыз. Бүгін де хат жіберілді", - деді Жаңа қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұқағали Мерекеев.

Ауыл әкімі иесіз иттерді ұстайтын арнайы орын жоқ дейді. Сондықтан оларды тек ветеринария қызметі аулап көзін жоя алады екен. Талап бойынша бұралқы иттерді қуып жүріп ұстау деген жоқ деп отыр. Айтуынша, ай сайын 15-20 ит ауланады, сонда да азаймай отыр.

"Қаңғыбас иттер өте көп. Біз ит аулайтын мекемеге апта сайын тапсырыс береміз, келіп, қаңғыбас иттерді аулайды. Бір келгенде 15-20-ға дейін аулап кетеді. Соның өзінде бұл ит саны азаймай жатыр", - деді Жібек жолы ауыл округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев.

Алайда ауыл халқы әкімдікке шағымданғаннан пайда жоқ деп отыр. Тіпті ветеринарлардың ауыл аралап ит аулап жүргенін де көрмедік дейді . Жазатайым оқиғаның алдын алу үшін бұралқы ит санын азайтуда талап етіп отыр.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062765-balalar-mektepke-kire-almai-zur-almaty-oblysynda-turgyndar-buralqy-itterdin-koptigine-sagymdandy-video/