Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

187 миллион теңгенің криптовалютасы: Астанада қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды

Опубликовано:

Кісен салу
Кісен салу. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Астанада Eolus қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекет меншігіне 187 млн теңгеге криптовалюта тәркіленді. Бұл туралы ҚМА-ға сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Астанада Eolus қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушы сотталды.

"Оның 2023 жылы АҚШ-та орналасқан жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салу желеуімен жеке тұлғалардан ақша тарту мақсатында кеңсе жалдап, "ENERGY EOLUS QAZAQSTAN" ЖШС-ны тіркегені анықталды.

Инвесторлардың қаражаты криптовалюта түрінде тартылып, есепке алу мен қайта бөлу үшін шетелдік хакерлер жасаған "energyeolus.info" платформасында көрсетіліп отырған", - делінген ҚМА-ның Telegram-арнасында.

Астанада 535 адам ақша салған.

Сот шешімімен 187 млн теңгеге тең 408 мың USDt көлеміндегі криптовалюта мемлекет пайдасына тәркіленді.

Сот үкімімен ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркіленіп, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 5 жыл мерзімге азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

ҚМА Baiqa, piramida! Telegram-боты арқылы қандай да бір компанияның қаржы пирамидасы белгілерін тексеруге болатынын еске салды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес қаржы пирамидасын құру және басқару былай жазаланады:

  • 3 мың АЕК дейін айыппұл (11 млн теңгеге дейін) салынады;
  • немесе 1200 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылады;
  • немесе 7 жылға дейін бас бостандығы шектеледі;
  • немесе мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Сондай-ақ адам белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушыдан бөлек, қаржы пирамидасына немесе оның құрылымдық бөлімшесіне көмек көрсету немесе басшылық ету туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ оның қызметін ашуға немесе жолын кесуге белсенді ықпал еткен адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062936-187-million-tengenin-kriptovalyutasy-astanada-qarzy-piramidasyn-uiymdastyrusy-sottaldy/

pixel