Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығына қатысты тергеу басталды

Опубликовано:

Мұнай зауыты. Көрнекі сурет
Мұнай зауыты. Көрнекі сурет: pixabay.com

ҚМА облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Тергеу мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша қаралуда" - делінген агенттіктің реми Telegram-парақшасында.

ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

️ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Еске сала кетейік, осы айдың басында зауыттың бас инженері Әділет Шошанбасов жаңа бас директор Жусанбаевты зауытта алаңдатарлық жағдай туғызды, әдепсіз сөздер айтты және компания басшылығы қаржылық ұрлық жасауы мүмкін деп айыптаған бейнеүндеу түсірген болатын.

Сондай-ақ Ғалымжан Жусанбаевты "АМӨЗ" ЖШС бас директоры қызметінен босату туралы өтініштің мәтіні ғаламторда пайда болды. Оған зауыттың 500-ге жуық қызметкері қол қойғаны атап өтілді.

Бұған жауап ретінде Жусанбаев та бейнеүндеу жазған болатын. Әлеуметтік желідегі өтініштің көптігіне байланысты жұмыс тобы құрылып, тексеру жүргізілді.

Кейін Шошанбасов пен Жусанбаевтың жұмыстан босатылғаны белгілі болды. Жусанбаев 2024 жылдың 10 қаңтарынан бастап зауыттың бас директоры қызметін атқарған.

Ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауыты ("АМӨЗ" ЖШС) Қазақстандағы жетекші үш мұнай өңдеу зауытының бірі саналады. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында салынып, 1945 жылы пайдалануға берілген.

Мұнай өңдеу зауытының иесі "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (99%). "АМӨЗ" ЖШС облыстағы ірі салық төлеушілердің бірі болғандықтан, Атырау қаласының экономикасына қомақты үлес қосуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063351-atyrau-munai-ondeu-zauytynyn-bassylygyna-qatysty-tergeu-bastaldy/

pixel