Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда ауаны ластап жүрген қанша көлік бары анықталды

Жарияланған күні:

Көліктер
Көліктер. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматыда жыл басынан бері көліктен шыққан зиян қалдық нормадан асқан 720 көлік анықталып, жүргізушілерге айыппұл салынған. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Телеарна мәліметінше, мамандар шамадан тыс түтін мен газ шығаратын машиналардың кесірі адам денсаулығына кері әсер етеді деп дабыл қағып отыр.

Тәртіп сақшылары көшеде көліктерді тоқтатып, тексереді. Көліктен шыққан түтіннің ауаны ластау деңгейі жоғары болып шықса, айыппұл салынады.

"334-баптың 1-тармағы бойынша 10 АЕК айыппұл салынады. Екінші рет қайталанған жағдайда 20 АЕК айыппұл салынады", - деді Түрксіб ауданы полиция басқармасы патрульдік полициясының испекторы Жандос Жұмақанов.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерге автокөліктерін техникалық тексеруден уақытылы өткізуді ескертеді.

"Жыл басынан бері 720 көліктің негізгі нормаға сай еместігі анықталып, айыппұл салынды. Мұндай жағдайлар жылы ескі көліктерде көп кездесіп жатады. Машинаны техникалық тексеруден өткізуге салғырт қарайтындар бар. Десе де, бұл маңызды. Ауаға зиян қалдықтар бөлінуі адам денсаулығына кері әсер етеді. Сол себепті қаладағы барлық көлік жүргізушісіне машинаны уақытылы қаратып тұруды сұраймыз", - деді қалалық Полиция департаменті патрульдік полициясының рота командирі Михаил Кан.

Телеарна тілшісінің хабарына қарағанда, Алматыда зиян заттар шығаратын көлікті көшеде автоматты түрде анықтайтын "Экосергек" жобасы да іске қосылған.

Отандық құрылғы өз бетінше айыппұл жазбайды. Нормадан зиян газ бен түтін шығарған автокөлікті суретке түсіріп Полиция департаментінің орталығына жібереді. Кейіннен тәртіп сақшылары көлікті мемлекеттік нөмір арқылы тексеруден өткізеді. Бұл - әзірге пилоттық жоба. Бұндай камераларды алдағы уақытта қаланың барлық аймағына орналастыру көзделген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063384-almatyda-auany-lastap-zurgen-qansa-kolik-bary-anyqtaldy/