Алматы облысында сот орындаушысы баланың алиментін ұрлап келген деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Алматы облысында жеке сот орындаушысы бір жарым жыл бойы баланың алиментін ұрлап келген деген күдікке ілінді. Бұл туралы облыстық прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қадағалаушы органның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, бір жарым жыл ішінде сот орындаушысының арнайы шотына баланы асырауға борышкердің жалақысынан 816 мың теңге аударылған. Сот орындаушысы бұл ақшаны баланың анасының шотына аудармаған.
"Алимент аударушының адалдығына қарамастан, сот орындаушысы борышкердің жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұруға дейінгі барлық шектеу шарасын қабылдаған.
Сот орындаушысының осы заңсыз әрекеттерінің салдарынан баланың әкесі жұмысынан және табыс көзінен, ал баласы өзіне тиесілі алименттерден айырылды", - делінген хабарламада.
Облыс прокуратурасы жолдаған материалдар бойынша Полиция департаменті сот орындаушысына қатысты Қылмыстық кодекстің 251-бабы (Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, борышкердің жүргізуші куәлігі қалпына келтіріліп, ол бұрынғы жұмысына қайта орналастырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063442-almaty-oblysynda-sot-oryndausysy-balanyn-alimentin-urlap-kelgen-degen-kudikke-ilindi/