Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сот Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты шыққан үкімді түсіндірді

Жарияланған күні:

судья балғасы
Судья балғасы. Көрнекі фото: pexels.com

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына шығарылған үкімді түсіндірді. Бұл туралы ауданаралық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Мұхамедиұлынан бөлек, кінәлілерге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлауды ұйымдастырып, көмектескен деп тағы алты адам айыпталды.

"Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет министрі және одан кейін Ұлттық музейдің директоры болған уақытында ұрлықты ұйымдастырушы бола отырып, өзінің орынбасарларымен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен 2017-2019 жылдар аралығында "Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі" халықаралық көрме жобасын іске асыру шеңберінде "Э." ЖШС директорының орынбасары мен бухгалтерінің көмегімен 1,5 млрд теңге сомасына бағаны көтеру жолымен қызметтер көрсетуді және тауарды тиеп-жөнелтуді іс жүзінде орындамай, аса ірі мөлшерде жұмсау жолымен қаражатты жымқырған", - деп хабарлады соттағылар.

Сондай-ақ ол Н.-мен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында 2017-2018 жылдары жалпы сомасы 196 млн теңгеден астам ҚР Ұлттық киноколлекциясын цифрландыруды жүргізуге мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасу кезінде бюджет қаражатын жымқырды делінген.

Бұдан бөлек, бұрынғы министр өзінің қызметтік өкілеттерін теріс пайдалана отырып, "Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі" РМҚК-ны заңсыз жекешелендіріп, мемлекетке 332 млн теңге сомасына аса ірі мөлшерде залал келтірген.

Ал 2019-2020 жылдар аралығында "Қазақстанның ұлттық киелі орындары мен мұражай қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу" жобасын іске асыруға жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша бөлінген 1,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған;

Сонымен қатар сотта Ұлттық музей директорының орынбасары "Г." жеке кәсіпкерлігі басшысының 9 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен ұрлап әкеткен;

"Ақтерек ЛТД" ЖШС ("Дипломат" қонақүйі) жарғылық капиталының 29 пайыз үлесін иемдену түрінде рейдерлік әрекет жасауға тырысқан.

"Одан бөлек, М.А. коммерциялық ұйымда басқарушылық функцияларды орындайтын тұлғаның – "Ақтерек ЛТД" ЖШС директоры осы ұйымның заңды мүдделеріне қайшы және ұйымның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында өз өкілеттіктерін теріс пайдалануды ұйымдастырды деп айыпталады", - деп хабарлады соттағылар.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, мамандар мен сарапшының қорытындыларымен, құжаттарды алу хаттамаларымен, сотталушылар мен куәгерлердің жұмыс орны бойынша тінту хаттамаларымен, бетпе-бет кездестіру және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан сотталушыларға 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және ҚР мәдениет және спорт министрлігінің және жәбірленуші К.-ның материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талабын қанағаттандыруды сұрады.

Сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған сотталушылар 2 жылдан 7 жыл 1 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Тағы бір сотталушы істің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің талап қоюы қанағаттандырылып, 3,5 млрд теңгеден астам сомада келтірілген залал өндірілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063827-sot-arystanbek-muxamediulyna-qatysty-syqqan-ukimdi-tusindirdi/