Қазақстанда күн қашан жылынады: синоптиктер наурызға арналған болжам ұсынды
Жарияланған күні:
Синоптиктер болжамынша биыл Қазақстанға көктем кеш келеді. Күн наурыздың екінші жартысы мен сәуір айының басында жылынады деп күтіледі, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК.
Синоптиктердің ұзақ мерзімді болжамына сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде 2024 жылы көктемнің келуі күнтізбелік мерзімге қарағанда сәл кешірек күтіледі. Яғни наурыздың екінші жартысы мен сәуір айының басында күн жылынады деп күтіледі.
Ал оңтүстік өңірлерде Наурыз жылы күндермен басталады, бірақ содан кейін суық ауа райы қайта оралады - бірінші онкүндіктің соңында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында қатты жаңбыр күтіледі. Ал Қазақстанның оңтүстігінің, оңтүстік-шығысының таулы аудандарында жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін.
"Наурызда, әдетте, синоптикалық процестердің қыстан көктемге ауысуына байланысты ауа райының жиі өзгеруі байқалады", - дейді синоптиктер.
Солтүстік облыстарда бір ай ішінде қыс мезгіліндей ауа райы суық болмақ. Атап айтқанда, қар, боран, жиі көктайғақ және тұман болады деп күтілуде. Ал кейбір күндері көктемгідей жылы болады.
Бірінші онкүндікте температура жоғарылайды деп болжанады:
- елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында түнде -5...-17°С-тан -3...-8°С-қа дейін, күндіз -1...-7°С-тан -2...+3°С-қа дейін;
- елдің шығысында түнде -20...-35°С-тан -3...-13°С-қа дейін, күндіз -3...-12°С-тан -2...+5°С-қа дейін;
- елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарында түнде 0...-10°С-тан -3...+5°С-қа дейін, күндіз 0...+7°С-тан +7...+15°С-қа дейін, оңтүстікте +18°С-қа дейін.
Екінші онкүндікте ауа температурасының ауытқуы күтіледі:
- елдің солтүстік жартысында түнде -17...-27°С-тан -3...-13°С-қа дейін, күндіз -7...-12°С-тан -1...-6°С-қа дейін;
- оңтүстік жартысында түнде 0...+10°С-тан -5...-15°С-қа дейін, күндіз +10...+20°С-тан 0...+8°С-қа дейін.
Бірақ көктемгідей жылы ауа райы айдың үшінші онкүндігінде орнығады: елдің солтүстік жартысында түнде -5...+3°C, күндіз +3...+13°C, оңтүстікте түнде +2...+10°C, күндіз +15...+21°C жылы болады деп болжанады.
Наурызда бір айдағы орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормаға жуық, елдің оңтүстігінде 1°-қа жоғары болады деп күтілуде.
Наурыз айында жауын – шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормаға жуық, Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының шығыс жартысында, Павлодар және Жетісу облыстарының шығысында, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында нормадан көп болады деп болжануда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063847-qazaqstanda-kun-qasan-zylynady-sinoptikter-nauryzga-arnalgan-bolzam-usyndy/