Оралдық полицейдің өмірін 20 теңгелік тиын қалай құтқарып қалған
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан полиция департаментінің мұражайында ортасында тесігі бар 20 теңгелік тиын сақтаулы тұр. Мұражай қызметкерлері тиынның тарихын келушілерге баяндап береді, деп хабарлайды "Мой город" басылымы.
Батыс Қазақстан полиция департаментінде мұражай бар. Мұражайдағы жәдігерлердің бірі - деформацияланған 20 теңгелік монета.
"Тиынның өз тарихы бар. 2004 жылғы 23 қазанда "102" оператор пультіне Достық даңғылындағы №245 үйде (қазіргі Н. Назарбаев даңғылы – автордың ескертпесі) айқай-шу болып жатқаны туралы хабар келіп түседі. Қоңырау шалушы шудың нашақорлардың кесірінен шыққанын айтып шағымданған", - деп жазады басылым.
Басылым мәліметінше, оқиға орнына жедел уәкілдер Арман Мұратов пен Берік Ибрашев барған. Бірақ бұл уақытта нашақорлар қашып үлгерген. Оқиға орнынан алыс емес жерде тәртіп сақшылары "Жигулиді" көреді. Нашақорлар көлік жүргізушісін өлтіріп, өздері сол көлікпен қашып кетуге тырысқан.
"Оларды ұстау кезінде Берік Ибрашевқа оқ атылған. Оқ полицейдің қалтасындағы 20 теңгелік тиынға тиіп, оның өмірін сақтап қалған. Содан бері деформацияланған тиын полиция мұражайында сақтаулы", - деп баяндады 20 жыл бұрынғы оқиғаны мұражай қызметкерлері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064045-oraldyq-policeidin-omirin-20-tengelik-tiyn-qalai-qutqaryp-qalgan/