Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Биыл пітір садақа мөлшері қанша

Опубликовано:

жаңа мешіт
Астанадағы мешіт. Көрнекі фото: NUR.KZ/Алена Бутенко

Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге болып белгіленді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚМДБ ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

"2024 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8536 теңге) бергені жақсырақ", - дейді ҚМДБ төраға орынбасары, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов.

Сансызбай Шоқановтың сөзінше, бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы (підия) биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді. 

Пітір садақа мөлшері қалай есептеледі

"Пітір садақаның мөлшері бидай немесе ұн және мейізден жарты сағ (2 кг), ал арпа мен құрмадан (4 кг), яки осылардың ақшалай құны беріледі", - деді ҚМДБ өкілі.

ҚМДБ мәліметінше, 2024 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:

  • Бидай 2 кг – 341 теңге.
  • Ұн 2 кг – 640 теңге.
  • Арпа 4 кг – 701 теңге.
  • Мейіз 2 кг – 5745 теңге.
  • Құрма 4 кг – 8536 теңге.

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.

"Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб", - дейді ҚМДБ төраға орынбасары Сансызбай Шоқанов.

Пітір садақасын кімдер береді

Діни мамандардың айтуынша, пітір садақасы қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі жеткен әрбір мұсылман беруі керек. Ол – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.

"Алланың Елшісі Рамазан айында пітір садақасын әр бір азат мұсылманға, ер мен әйелге, үлкен мен кішіге құрма немесе арпадан беруді міндеттеді. Әрі оны адамдар айт намазына шықпас бұрын өтеуді әмір етті", - делінген Ибн Омардан жеткен хадисте.

"Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді", - деді ҚМДБ ресми өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064543-biyl-pitir-sadaqa-molseri-qansa/

pixel