Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

“Ғылыми қызметкерлері бейшараның күйін кешіп отыр”: депутат сейсмология институтының жай-күйі туралы айтты

Опубликовано:

Бақытжан Базарбек
Бақытжан Базарбек. Фото: mazhilis.kz

Бүгін, 6 наурызда мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек сейсмология институтының қазіргі ахуалына алаңдаушылық білдірді. Ол институтты ТЖМ қарамағынан Ғылым және жоғары білім министрлігіне беру мәселесін көтерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен осы жайында пікірін сұрады.

"Дүйсенбіде Алматыда қатты жер сілкінісі болды. Кеше мен Алматыда сейсмология интситутының ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Сіз қазір үкіметтен қолдау көрсетіліп жатыр деп айттыңыз. Іс жүзінде сейсмология институтының ғылыми қызметкерлері бейшараның күнін кешіп отыр. Ешқандай ғылыми жобасы қабылданбайды, ғылыми жобаны жоғарыға, министрлікке жіберсе олар қайтарып жіберіп жатыр. Кесіп тастады бүкіл қаржыландырудан. Қажет десеңіз, олар кейде айлығын да алмайды. Міне, сондай дәрежеге жетіп отыр. Ал сейсмостанциялардың өзі қаңылтыр темір, оны музейге де қабылдамайды. Сейсмоқауіпсіздіктің дәрежесі осындай. Осыған орай сұрағым - сейсмология институты қазір ТЖМ қарамағында. Сейсмолог ғалымдардың пікірі бойынша бұл қателік. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек. Бұған қалай қарайсыз?", - деп сұрақ қойды депутат.

Саясат Нұрбек бұндай жағдайда қалып отырған жалғыз сейсмоинститут емес, бірнеше мекеме барын айтты. Министрдің жеке ойы бойынша, сейсмологиялық институттың Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілгені дұрыс.

"Бірталай институтымыз уақытында салалық министрлікке берілген. Ауылшаруашылық институтында да көп мәселе жиналып қалды, басқасы да бар. Оның ішінде осы сейсмология институты қазір ТЖМ құзыретінде. Енді өкінішке қарай, оларда толыққанды қаржыландыру да жоқ, салалық приниппен кеткенде біз де оларға кіріп, ішкі процедураларын қолдауға мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан қайтарылса біз қарсы болмаймыз. Бірақ биыл сейсмология институтына үлкен нысаналы грант бергелі отырмыз - 3,5 млрд тенге көлемінде. Қазір олардың бүкіл өтінімін пысықтап, министрлікпен бекітіп, келесі кезең - үкімет жанындағы жоғары техникалық комиссияның отырысына шығарып отырмыз. Менің жеке пікірім - берілгені дұрыс болады", - деді Саясат Нұрбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064790-deputat-seismologiya-institutyn-tzm-qaramagynan-gylym-zane-zogary-bilim-ministrligine-otkizudi-usyndy/

pixel