Ауыр жұмыс істейтін адамға ораза ұстамауға бола ма
Жарияланған күні:
Ауыр жұмыс істейтін адамдардың оразасына қатысты сұраққа ҚМДБ өкілдері жауап берді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Аузы берік адам (ауыр жұмыс істеу арқылы) қатты шөл мен аштыққа шалдығып, сол үшін өмірінен не есінен айырылатындай жағдайға душар болса, онда оған оразасын бұзуға рұқсат етіледі. Кейіннен бұл күннің қазасын ғана өтейді.
Тек өзін әлсіретуге өзі себепші болып, тіпті ауыз ашуға дейін алып барса, әрі бұған ешқандай зәрулік жағдай түрткі болмаса ғана кәффаратын өтейді.
Сондықтан наубайшы, егінші секілді ауыр жұмыс істейтіндер оразасын аяғына дейін ұстауға кедергі келтіретіндей тым көп жұмыс істемеу керек. Рамазан күндерінде күздізгі жұмысын қысқартуы немесе түнгі уақытқа ауыстыруы қажет", - делінген ҚМДБ өкілдері келтірген жауапта.
Дін саласы мамандарының айтуынша, ауыр жұмыс істейтін адамның себепсіз ораза ұстамай қалуына болмайды.
"әл-Фәтәуә әл-Һиндия" атты кітапта: "Өзінің жұмысын істеу арқылы ауыз ашуға рұқсат ететін зиянның жетуін біліп, алайда ауырмай, не қиналмай жатып оразасын бұзуы – харам" делінген.
"Сондықтан ауыр жұмыс істейтін адам себепсіз ораза ұстамай қалмауына болмайды. Ондай адам Рамазан айының мол сауабынан құр қалып қоймауы үшін еңбек демалысын осы айға сәйкестендіріп, мүмкіндігінше жұмыс уақытын қысқартып немесе одан жеңілдеу жұмысқа ауысқаны абзал", - дейді дін өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2065935-auyr-zumys-isteitin-adamga-oraza-ustamauga-bola-ma/