Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда "ӨзенМұнайГаз" директорының орынбасарына қатысты іс қаралды

Опубликовано:

Судья балғасы
Судья балғасы. Көрнекі фото: Andrey Popov / Getty Images

Ақтау қалалық сотында "ӨзенМұнайГаз" АҚ директорының орынбасарына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Маңғыстау облыстық сотының ресми сайтына сілтеме жасап.

Дереккөз ақпаратына сүйенсек, тергеу органы оған ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық танытты (ҚК 371-бабының 2-бөлігі) әрі аса ірі мөлшерде заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірді (ҚК 365-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы) деген айып тақты.

Сотталушы К. "ӨМГ" АҚ директорының мұнай және газ өндіру жөніндегі орынбасары, сонымен қатар аталған кәсіпорынның конкурстық комиссиясының төрағасы бола тұра, бұрғылау жұмыстарына тендер өткізу кезінде белгілі бір компанияның мүддесін қорғап, басқа компанияға зиян келтірген.

2023 жылғы 20 наурыздағы тендер қорытындылары бойынша "К" ЖШС жеңімпаз деп танылған болатын. Алайда сотталушы тендер қорытындысы жайлы хаттаманың күшін жоймай, 2023 жылғы 29 наурызда дәл сол лоттар бойынша тендер өткізу туралы заңсыз шешім қабылдаған.

"К. өз әрекетінің заңсыздығын түсініп, "А" ЖШС-нің өтініші әлеуетті өнім берушілердің талаптарына сәйкес келмейтінін біле тұра, өз өкілеттіктерін "А" ЖШС-нің мүдделерін қолдау мақсатында пайдалана отырып, 2023 жылғы 29 наурызда қайталама жиналыс өткізіп, нәтижесі бойынша барлық 4 лот "А" ЖШС аукциондарына жіберу туралы шешім қабылданды.

Конкурс қорытындысы бойынша бағаны барынша төмендеткен "А" ЖШС жеңімпаз деп танылды.

Осылайша қызметтердің жалпы құны 2,7 млрд теңгеден астам сомаға төмендетілген (ҚК 365-бабы)", – деп жазылған сот материалдарында.

Сондай-ақ дереккөз ақпараты бойынша, жауапкер К. "ӨМГ" АҚ мен "АМСК" ЖШС арасында жасалған сорғы және компрессорлық құбырларды жалға беру туралы шарт талаптарының орындалуын тексеріп, қадағаламай, орындалған жұмыстар туралы актілерге қол қойған әрі 21 749 456 млн теңге мөлшерінде жалдау ақысын төлеуге міндеттеу бойынша шаралар қолданбай салғырттық танытқан.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, кепіл хаттарымен, атқарылған жұмыс туралы анықтамалармен, шот-фактуралармен әрі т.б. іс материалдарымен дәлелденген.

Дереккөз мәліметіне сәйкес, прокурор сотталушыны аталған қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, барлық қылмыс жиынтығын негізге алып, оны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрады.

Бірақ сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Ол соттан өзін ақтауды сұраған.

Судья жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кішкентей балалары барын әрі тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орындарынан ол туралы оң мінездемесін ескерді.

Ал жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қызметтік бап пен шартта көрсетілген сенімді пайдалана отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны есепке алынды.

"К. Қылмыстық кодекстің 371 бабы 2-бөлігі, 365 бабы 3-бөлігі 2-тармағы, 58 бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оны өмір бойы мұнай-газ саласындағы коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырып, ол 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", – делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2066457-aqtauda-ozenmunaigaz-direktorynyn-orynbasary-sottaldy/

pixel