"Әкімдіктен ешкім келген жоқ": Қарағандыда үйлерді еріген қар суы басты (видео)
Жарияланған күні:
Қарағандыдағы жеке сектор тұрғындары күн жылынған сайын үйлерін еріген қар суы басып жатқанын айтып шағымданды. Тұрғындар басқа баспана іздеуге мәжбүр, деп хабарлайды КТК телеарнасының сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Телеарна тілшілерінің хабара бойынша, демалыс күндері нөлден жоғары температура мен жауынның салдарынан Қарағандыда қар тез ери бастаған. Бұл су жеке үйлерді басып қалып, адамдар басқа үй іздеуге мәжбүр.
"Мына жерде суды сорғымен сорып шығарды. Одан не пайда? Үйге кіріп, біздің жағдайды қараңыздар. Онда тұру мүмкін емес. Кішкентай бала бар. Көршілерді де су басып қалды.
Ешкімге ештеңе керек емес. Әкімдіктен ешкім келген жоқ, телефон соғып жатырмын, ол жақта бір әйел балағаттады", – деп шағымданды қала тұрғыны Гүлсара Мұсқынова.
Еріген судан ылдида орналасқан ескі жер үйлер зардап шегіп жатыр. Мереке күндері күн күрт жылынғанда еріген қар суы соларды басқан. Қарқыны күш бермей бара жатқан соң, тұрғындар жиһаз атаулыны құтқаруға тырыстық дейді. Тіпті бала-шағасын ертіп, көбі туыстарын жағалап кеткен.
Ал шенеуніктер жеке сектордағы үй маңайларын қардан тазарту тұрғындардың міндеті дейді. Себебі қалың қардан суағарлар бітеліп қалған. Дегенмен су басқан үйлерге жұмылып көмек бергенін айтады.
"Мердігер компанияларды тартып, суды сорғыздық. Сонымен қатар үй маңайында үйілген қарды шығырдық. Су жүрген жерлерге құм төселді. Қазір жағдай тұрақталды", - дейді Ә.Бөкейхан атындағы аудан әкімдігінің бас маманы Асылбек Жұмақаев.
Еске сала кетейік, дәл осы жылдың қаңтарында ТЖМ-ның бұрынғы басшысы Сырым Шәріпханов Қазақстанның қай өңіріне су тасқыны қаупі төніп тұрғанын айтқан болатын. Ол жоғары дайындыққа көшу қажеттігін айтқан еді.
Ақпанда синоптиктер көктемгі су тасқыны болжамын айтты. "Қазгидромет" РМК көктемгі су тасқынының күтілетін көлемінің негізгі болжамы 2024 жылдың наурыз айында жарияланатыны атап өтілді.
Кейін жаңа төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қазақстанның еріген қар суы мен кәріз суларынан су басу қаупі бар аймақтарын атады. Сонымен қатар ТЖМ басшысы бүгінгі таңда Қазақстандағы су тасқыны жағдайы "салыстырмалы түрде тұрақты" екенін атап өтті.
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысының бірінде бұған дейін су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыру жөнінде бірнеше рет тапсырмалар берілгенін, бірақ кейбірі орындалмағанын айтты. Осыған байланысты министрлер кабинетінің басшысы кейбір шенеуніктерді жазалауды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2066568-akimdikten-eskim-kelgen-zoq-qaragandyda-uilerdi-erigen-qar-suy-basty-video/