Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір парағы 1,6 млн теңге": депутат құрылыс кодексін сынға алды

Опубликовано:

Құрылыс нысаны
Құрылыс нысаны. Көрнекі фото: pixabay.com

Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев жаңа Құрылыс кодексінің бағасына таңғалды, себебі оны әзірлеуге 382,5 миллион теңге кеткен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы жаңа су, салық және қала құрылысы кодекстерін әзірлеуді тапсырғанын еске салды.

Оның айтуынша, үкімет бұл мәселені тым ұзаққа созып жіберді. Дегенмен Мәжіліс қала құрылысы кодексінің орнына Құрылыс кодексін ұсынды – Алматыдағы жер сілкіністерінен кейін кодекс өзекті мәселелердің шешімін табады деп күтілгенімен, олай болмай шықты.

Кодексті әзірлеуге 382,5 миллион теңге жұмсалғанымен, "жаңасында" бұрынғы нормалармен салыстырғанда 1 пайыз ғана ерекшелік бар, дейді депутат.

"2023 жылы Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге 382,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар бүгінде қаралып жатқан бірқатар маңызды заң жобалары бюджеттен ешқандай шығынсыз дайындалды.

Осы орайда мынадай сұрақ туындайды: маңызды заңнамалық актілерді дайындау бюджет қаражатын жұмсамай-ақ орындалады екен, ал қоғамдық және кәсіби сынға төтеп бере алмаған Құрылыс кодексін жазу үшін, қайталап айтамын, 382,5 млн теңге қажет болғаны ма?

Бұл ақша мақсатына сай жұмсалмады деп санаймыз", - деді депутат Бейсенбаев.

Ол кодекстің әр бетіне 1,6 миллион теңге жұмсалғанын да алға тартты.

"Антиплагиаттың көмегімен Құрылыс кодексінің жобасына "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" қолданыстағы 3 заңның мазмұны енгізілгенін анықтау қиын емес.

Бұл ретте мәтіннің түпнұсқалығы 1 пайыздан аз болды. 240 беттік, толықтай дерлік көшіріліп жазылған кодекс жобасын әзірлеуге министрлік әр бетке шамамен 1,6 миллион теңге төлеген екен. Әріптестер, бір бет 1,6 миллион теңге тұрады!" – деді депутат.

Еске салайық, ақпанның ортасында индустрия және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин Мәжіліске Құрылыс кодексінің жобасын ұсынған болатын. Онда ұсынылған шаралардың бірі – заң бұзушылықтар анықталған жағдайда құрылысты тоқтату.

Презентация кезінде депутат Бақытжан Базарбек бұл "200 бет ақ қағазды" сынап, мұны мектеп оқушысы да жазып бере алатынын айтқан. Ал қаңтардың аяғында сәулетші Алексей Әбілов Қазақстанда сәулет және қала құрылысы құжаттамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын қорғау үшін құрылыс сапасын бақылауды күшейту қажеттігін айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067684-bir-paragy-16-mln-tenge-deputat-qurylys-kodeksin-synga-aldy/

pixel