Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Биылдан бастап елімізде Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады

Жарияланған күні:

Батыс Қазақстанда "Наурыз" ауылының жастары "Бастаңғыда" бас қосты
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Наурыздың мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев хабарлады.

"Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны "Наурызнама" деп атаған. Әрине, бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған", - деді спикер.

Наурызнама онкүндігі

14 наурыз күні – Көрісу күні - Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілмек.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

"14-23 наурыз аралығында "Наурыз-базарлық" маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өткізу, жеңілдіктер жасау жоспарлануда", - деді ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев ОКҚ алаңында.

Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067690-biyldan-bastap-elimizde-nauryz-merekesi-zana-formatta-toilanady/