"Студияға күйеуі кіріп келген": отандық бағдарлама авторлары қонағынан кешірім сұрады
Жарияланған күні:
"Хабар" телеарнасында жаңадан ашылған "Бірақ..." бағдарламасына қатысты дау шықты. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны бағдарламаға қонақ болған. Ток-шоу редакторлары студияға күйеуі келмейді деп және бет-әлпетін көрсетпеуге уәде берген. Алайда эфир кезінде студияға күйеуі кіріп келген.
12 наурыздағы шығарылымда бағдарламаға келген тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны өз оқиғасы баяндаған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған және өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға арналған "Қорғау-Астана" орталығының басшысы Анна Рыль Facebook-тегі парақшасында бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Кезінде мен бұдан былай ток-шоуларға қатыспаймын деп өзіме ант берген едім. Алайда бірлестікте жемісті жұмыс істеп келе жатқан "Хабар" телеарнасының журналистері бізге хабарласқанша осылай болды.
Менімен сөйлескеннен кейін журналистер 6 баласымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, қазір бізден пана тапқан әйелмен сөйлесті. Бағдарлама арқылы әйелге көмектескісі келетіндер және оны қолдағысы келетіндер табылады деген үмітпен әйелдің байланыстарын бердім", - деп жазды орталық басшысы.
Тұрмыста 18 жыл болған әйелдің 6 баласы бар. Оны ішімдікке салынған күйеуі ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткен. Ақыр соңында күйеуі оны ұрып, қолын сындырады. Шыдамы таусылған әйел кейін балаларын алып, Шымкенттен Астанаға кетіп қалады. Кішкентай үйді жалдап, жұмыс істеген, алайда үш ай бұрын күйеуі оны тауып алып, мас болып келіп жанжал шығарған. Көршілері полиция шақырып, әйел осы орталықты паналап келген.
"Біздің Дағдарыс орталығы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмауға басымдық береді. Біз әйелмен үш ай бойы оның жағдайымен жұмыс істедік және қазіргі уақытта осы бағдарлама үшін біздің барлық күш-жігеріміз зая кетіп, әйел қатты күйзеліске түсті.
Бұл да бізге сабақ болды. Енді әйелдердің бағдарламаларға қатысуына келісім берсек, бекітілген сценарийді талап етеміз, әйелдердің балалары, туыстары бар деп бетін жабуын талап етеміз", - дейді орталық басшысы.
Қоғамда резонанс тудырған бұл жағдайға "Хабар" агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев өз пікірін білдірді.
"Кешегі эфирде бір отбасының мәселесі тікелей эфирде көрсетілді. Орын алған жағдай әрқилы пікірлер легін туындатты. Осы оқиға аясында тіпті қоғамның көкейінде жүрген өзге сауалдар әлеуметтік желілер кеңістігіне ағылғанын мұқият оқыған адам байқар. "Бірақ"-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды.
Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген қонақ пен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз", - деп жазды Ойшыбаев Facebook-тегі парақшасында.
Артынша "Бірақ..." бағдарламасының Instagram-дағы парақшасында жүргізушілер қонақтан да, "Қорғау Астана" орталығынан да кешірім сұраған видеосын жариялады.
"Кеше дәл осындай тақырыпта мейірімді бағдарлама шығарайық, дәл осындай ой қорытайық, бір отбасына болсын көмек қолымызды созайық деген бағдарлама шығарған едік. Кешегі бағдарламамыз бүгіннен бастап үлкен резонансқа айналып бара жатыр. Бізді керісінше, жауыздарды қорғайтын бағдарлама ма деп жатыр.
Жоқ, біздің ойымыз ол емес қой. Біздіңше барынша осы қоғамда әділдік орын алса екен, ананың тағдыры, ананың абыройы сақталса екен, бала жыламаса екен деген оймен кешегі бағдарламаны шығарған болатынбыз. Бірақ қоғамда қазір өзге бағытта резонанс туып жатыр, сондықтан кешегі кейіпкеріміз, алты баланың анасынан және қорғау ұйымынан жүргізушілер тарапынан, бүкіл ұжымның атынан кешірім сұраймыз", - дейді жүргізушілердің бірі келесі шығарылымында.
Айта кетейік, 12 наурызда эфирге шыққан видео қазіргі уақытта YouTube хостингінде жабық тұр. Қолданушылар бағдарламаның бұл эфирін көре алмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067720-studiyaga-kuieui-kirip-kelgen-otandyq-bagdarlama-avtorlary-qonagynan-kesirim-surady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.