Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Амал күнінде қандай тілек айтуға болады: ең ізгі тілектер топтамасы

Опубликовано:

Амал мерекесін атап өтіп жатқан тұрғындар
Амал мерекесін атап өтіп жатқан тұрғындар. Фото: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

14 наурызда Қазақстанда – Көрісу күні, осы күннен бастап халқымыз қыстан аман шыққанына қуанып, құттықтасып, мерекелетеді. Үлкенге сәлем беріп, батасын алып, дастархан жаяды. Ал осы күні көріскенде қандай құттықтау айтуға болады? Редакциямыз ізгі тілектер мен құттықтаулар топтамасын ұсынады.

Әдетте көрісу күнінде ең көп айтылатын тілек-құттықтау "Жасың құтты болсын!", "Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!" деп айтылады.

Көрісу күніндегі құттықтауды ақын Рахат Қосбармақ "Амал" өлеңінде тамаша сипаттаған.

Амал күні қазағым көріседі,

Көрісу, бұл – көненің желісі еді.

"Жасың құтты болсын!" деп жамырасып,

Ақ ниетпен адал қол беріседі.

Көріседі – "Көңілдер жібісін" деп,

Көріседі – "Тасысын ырысың!" деп.

Көріседі – "Көк мұз да жылысын" деп,

Көріседі – "Оң болсын Ұлысың!" деп.

Көріседі – қайғы-мұң кетіруге,

Көріседі – қайтадан жетілуге.

Алты ай қыстан арыған жанын демеп,

Көріседі – бел буып, бекінуге.

Ағайынды араздық ірітеді,

Ауызбірлік, ынтымақ-үгіт – емі.

Ескі жылда қатқан мұз, қалған сызды

Көріскен күн көңілмен жібітеді.

Бұзуға бұл дәстүрді еш бата алмайды,

Тірі пенде тып-тыныш жата алмайды.

"Ырыс алды – ынтымақ, бірлік қой" деп,

Абыз шалдар алыстан мақалдайды.

(...)

Тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Рахым Бекназаров "Ақтөбе" газетіне берген сұхбатында бұл күні неге тілек айтылатынын түсіндірген.

"Көрісу күні қай уақытта тарих сахнасынан орын алғаны туралы тарихшыларда бір тоқтамға келген пікір жоқ. Дегенмен оның шығу төркіні тереңде жатқаны талас тудырмайды. Көрісу күні негізінен, Батыс Қазақстан аумағында атап өтіледі. Бұл осы өңірдің бүгінге дейін мал шаруашылығымен айналысып келуімен тығыз байланысты. Себебі үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанның аман-есен шығуы киіз үйде тұратын жұртшылық үшін қиын болғаны анық.

Содан қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен көрісетін болған. Яғни, бұл күн — көктемге аман-сау жеткен халықтың тілек айтып, бір-бірімен қауышатын күні. Сондай-ақ, 14 наурыз — ескі күнтізбе бойынша наурыздың алғашқы күні", - дейді Бекназаров.

Әртүрлі дереккөзден құттықтаулар топтамасын ұсынамыз:

Жібек Ысқақова есімді қолданушының авторлығымен мынадай құттықтау жолдарын таптық.

Көрісудің күнімен, Құттықтаймын жамағат. Құтты болсын жаңа жас, Алла берген аманат.

Сыйластықта үндейік, Әр көктемде қауышып. Өкпені біз білмейік, Құшақтаса, табысып.

Жаратқаным жар болсын, Бір керемет сый беріп. Амандықта жүрейік, Барлық іске үлгеріп!

Көрісудің бұл күні, Сыйластыққа бастайды. Қауыштырып халықты, Ынтымақты растайды.

Құтты болсын бүгінгі, Көрісудің бұл күні. Қыстан аман шықтық біз, Жалғастырып күлкіні.

Деніміз сау болсын тек, Жақсылыққа бастайтын. Әр көктемге жетейік, Қауышуды қоштайтын.

***

Наурыздан наурызға жете берейік.

***

Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар.

***

Құтты болсын бір жасың! Жаңа жылың, жыл басың. Қыспасам да қолыңды, Көрісті – деп ойларсың.

***

Жасыңызға жас қосылып, ғұмырыңыз ұзақ болсын! Амал күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, барлық қиындық ұмытылсын! Амал күні сіздерге амандық-саулық, құт-береке және зор денсаулық әкелсін! Амалдан амалға аман-есен жете берейік!

***

Ұлыс береке әкелсін!

***

Телефонда көрісейін.

Ақ ниетпен бөлісейін.

Баршаға тілеп амандық.

Болмасын деп жамандық.

Жылдан жылға жетейік.

Шалқып тасып жүрейік!

***

Бір жас қосуың құтты болсын!

***

Амал туды, жыл келді!

***

Қазан толы болсын!

***

Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын! Жаратушымыз тілегімізді қабыл етіп, еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!

***

Ақын Қазыбек Исаның "Наурыз келді – басталды амал күні!" өлеңінде құттықтау былай айтылады:

Маңғыстаудың көргенде маң даласын,

Кеңістікке керемет таңданасың.

Қашағанның жырындай қайран жүйрік

Қашағанын уақыттың аңғарасың...

Дархандығы әйгілі даламда ұлы,

Наурыз келді – басталды Амал күні!

Аман-есен бәріміз көрісейік,

Ең бастысы – елімнің амандығы!

Ашық бүгін халықтың қас-қабағы,

Жазылады жазира дастаны әлі.

Көктеміміз басталса Оңтүстіктен,

Ал Жаңа жыл Батыстан басталады!

Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз,

Даласындай елінің жаны нағыз.

Отпан таудың басында от жанғанда,

Осы жерден бәріміз табыламыз!

Наурыз
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

***

Ақын Берік Тілеген "Амалға арнау" өлеңінде былай қайырады:

Жан болсаң салт-дәстүрдiң жолын бiлер,

Қолынды бер, кел, қалқам, қолыңды бер!

Құшағыңды аш ақжарқын дидарыңмен,

Сонда ғана көңiлге сенiм кiрер. Сәл ызғарға бойсұнып, жүдеп келме,

Алаулатып жылу бер тiлектерге.

Бiздiң елде гүл көктем далаға емес,

Ең алдымен келедi жүректерге! Мен бұл күнi бар әже, бар атаның

Алғысын ап, жастарға таратамын.

Құшағыма сыйғызып барлық досты,

Аялаймын ару қыз алақанын! Құлатып көкiректiң мұң шынарын,

Көрсеткiн көңiлiңнiң күншуағын.

Талықсып талай күндер ұйқы басқан

Ояншы, табиғатым, тыншымағын. Тiршiлiк қайта туып, жаратылған,

Төлдердiң дауысынан дала тұнған.

Ырысы мол мезгiлдi ерте келген

Айналайын, қарлығаш, қанатыңнан. Табиғат қызықтырып келбетiне,

Жас шыбық бүршiк атар тербетiле.

Береке, бiрлiк тiле ел iшiне,

Тыныштық, саулық тiле жер бетiне! Жағалап қариясын, ақбас шыңын,

Жалынды жас үйiнде жатпас бүгiн.

Ұмытпайық үлкендер ұлағатын,

Ұлықтайық бабаның салт-дәстүрiн!

***

Көктемнің жылы лебімен келген бүгінгі Көрісу күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

***

Наурыздағы көрісу,

Жаңа жылдың бастауы.

Жаңа жаспен үн қатып,

Сыйластықтың растауы.

Құтты болсын ағайын,

Аман-есен жүргенің.

Көктемде сіз бізбенен

Қауышып бір күлгенің!

***

Елде қашанда амандық, бірлік, береке болсын. Бір-бірімізге жақсы тілек тілеп, жан жылуын, сұлулығын сыйлап жүре берейік!

Ізгі тілектер топтамасы керегіңізге жарасын. Көрісу күні құтты болсын!

Бұған дейін Амал мерекесінің шығу тарихы мен елімізде қалай тойланатынын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067924-korisu-kuninde-qandai-tilek-aituga-bolady-en-izgi-tilekter-toptamasy/

pixel