Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысындағы шекара бекетіндегі атыс: қамауда отырған сарбаздың анасы өз шындығын айтты

Опубликовано:

тергеу изоляторы11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақтөбе облысында Қиялы заставасында былтыр желтоқсанда болған жанжалдан кейін бірі қаза тауып, екіншісі абақтығы түскен жауынгерлердің әрекетіне қатысты сот сараптамасы жүріп жатыр. Қамауда отырған сарбаздың анасы өз шындығын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Былтыр желтоқсанда Ақтөбе облысындағы Ресеймен шекаралас Қиялы бекетінде оқ атылып, әскери қызметші қаза тапқан еді. Редакцияға қамауда отырған күдікті сарбаздың анасы хабарласып, өз шындығын айтты. Анасы шекарадағы жағдай немқұрайлылықтан ушықты деген пікірде. Ол тергеу кезінде басшылықтан жауап алынбағанын айтады.

"Менің балама қатысты оқиға 2023 жылы 2 желтоқсанда болды. Ол "Қиялы" заставасында жұмыста тұрған. Ауысымының аяқталуына бір сағат қалғанда демалыста жүрген әріптесі келіп тиіскен. Оның кетуін талап етсе де, тыңдамаған. Қолындағы қызыметтік қаруын тартып алуға тырысқан. Сол кезде аспанға бір рет оқ атып, тыңдамаған соң оқ атуға мәжбүр болған. Марқұм болған баламен араларында бұрыннан жанжал бар. Әйеліне, қарындасына тіл тигізген. Әріптестері куә жағдайлар бар. Бірақ шара қолданылмады. Тергеу кезінде басшыдан жауап алынбады", - дейді сарбаздың анасы Кермеқас Ақкереева.

Айтуынша, баласына қатысты іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің 99-бабымен қозғалса, тергеу барысында 101-бапқа ауыстырылған. Ал жәбірленуші тарап баптың ауысқанына наразылық білдірген.

"Жәбірленуші тарап баптың ауыстырылғанын естіп шу көтерді, енді өзгертуі мүмкін деп алаңдаймыз", - дейді Кермеқас Ақкереева.

Қамаудағы сарбаз 2019 жылы әскерден соң Қиялы шекара бекетіне қызметке келген.

Ал әскери прокуратура қылмыстық іске қатысты сараптама жасалғанын, тергеу жұмыстарының аяқталмағанын және жан-жақты зерделеу жүретінін айтты.

"Қылмыстық іс тергелуде және сот сараптамалары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады", - дейді Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасы өкілдері.

Марқұм болған сарбаздың туыстары тергеуге қатысты әзірге ештеңеден хабарсыз.

"Тергеуге қатысты біз ештеңе білмейміз. Ағама тергеу жүріп жатқаны ғана айтылды. Істің әділ қаралуын күтеміз", - дейді марқұм болған сарбаздың туысы Айгүл Жанесенқызы.

Еске сала кетейік, бұған дейін "Қиялы" шекара бекетінде оқ жарақатынан қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары құзырлы органдардан болған жағдайды толық түсіндіріп, іс әділ тергелуін талап еткенін жазған едік.

Автор; Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2068104-aqtobe-oblysyndagy-sekara-beketindegi-atys-qamauda-otyrgan-sarbazdyn-anasy-oz-syndygyn-aitty/

pixel