Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Амал айдың атауы, мерекенің емес": этнограф Көрісу күніне қатысты тың деректер айтты

Опубликовано:

Көрісу мерекесі
Көрісіп жатқан тұрғындар. Фото: NUR.KZ

Көктемде көрісу мерекесі тойланады. Кейінгі жылдары бұл мейрам тек батыс өңірінде емес, мемлекет деңгейінде ерекше мәртебеге ие болды. Көрісудің мән-мағынасы, атауына қатысты этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz-ке берген сұхбатында тың деректер айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Басылым мәліметінше, көрісу - бәрінен бұрын өкпе-ренішті артқа тастап, кішілер үлкендерге ізет көрсететін, бір-бірін көктем келгеніне орай құттықтайтын айтулы уақыт.

Бұл күн батыс өңірінен бөлек, Сырдария, Қостанай, Торғай аймақтарында, сондай-ақ, Ресейдің Астрахань, Саратов, Самара, Орынбор облыстарын кеңінен атап өтілетіні туралы деректер бар.

Әлеуметтік желіде мәдениеттанушы Серік Ерғали бұл мерекеге қатысты қате түсінік барын жазған.

"Шатаспайық. Шатастырмайық. Көрісу күні жоқ, көрісу ғұрпы бар. Амал айдың атауы, мерекенің емес! Соқыр тауыққа бәрі бидай... болмасын", - деді ол.

Сондай-ақ, ол бұған дейінгі сұхбаттарында этнограф Болат Бопайұлы қазақ халқында "Көрісу күні" деген мереке болмағанын, бүгінде Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі бұзылғанын айтқан еді. Этнографтың пікірінше, мереке этнографиямен сабақтасып кеткен және бұл - үлкен қате.

Болат Бопайұлының пікірінше, мұндай түсінік жоқ.

"21 наурыз деген де амал мерекесі, 14 наурыз деген де амал мерекесі. Мереке деп қабылдағаннан кейін мереке. 9-ы күні "мәз" деген амал кіреді. Мәз деген амал 9 наурызда күні кіріп, 15 наурызда шығады. Қазақта "мәз болмай, әз келмейді, шағала келмей, жаз болмайды" дейді.

Бұл - бағзы заманнан қалған, ауа райына қатысты қазақтың тәмсіл сөзі. "Мәз" амалы 9-ы күні кіргеннен басы үш күн, ортасы үш күн, соңы бір күн, жеті күнге созылып, 15-і шығады. Қысқы ұйқыдағы аю, жердегі жыбырлаған жәндіктер оянады. Қыс амалы ақпанда аяқталады. Мынау - көктемнің алғашқы амалы", - деді ол.

Этнограф бұдан кейін "әз" амалы басталатынын айтты.

"21-і күні "әз" деген амал кіреді. Ол да жеті күнге созылады. Әз Наурыз деп жүргендегі "әз" – сол. "Мәз" бен "әз" екеуі – бірінен кейін бірі қатар келетін амал. Наурыз деген – керемет мереке. 14 күнгі көрісу мереке емес деген әңгіме жоқ. Айдың аты да, мерекенің аты да, елдің қуанышы да, жалпы тойы да соған орналастырылған. Қазақ халқы қыстау, көктеу, жайлау деп көшіп-қонып жүрді ғой. Осы кезде жердің астындағы тышқандар шыға, аюлар ояна бастайды. Жер астындағы өсімдіктің тамыры жарыла бастайды. Содан кейін адамдар көрісіп, амал-сәлем қылып, марқұмдарға дұға оқып, үлкендерден бата алған. Сірге жияр, қап түбін қағар, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген салт-дәстүр болған. "Ескі кетпей жаңа келмейді" деп наурызға дейін үйіндегі ескі дүниелерін тастайды, бұл – 21-іне дейінгі дайындық жұмысы", – деді ол.

Этнограф бұл мерекеде өзіндік мән, тәлім-тәрбие, ынтымақ барын айтты.

"Ол бағзы заманнан келе жатыр. Нұқ пайғамбар заманында Нұқ пайғамбардың кемесі 40 күн, 40 түн жүріп, Жиза тауына тоқтады дейді. Содан кейін топан су қайта көтеріліп кетіп, кемені алып, жүзіп, Қазақстанның Қазығұрт тауына тоқтапты дейді. Содан басталған. 14-інде "мәз" деген амал кірген. "Мәз" амалы кіргенде күн жеті күнде салқын болады, басы қарлы болса, ортасы ашық болады, соңы боранды болады деп тұрмысына, өміріне, мал шаруашылығына байланысты амал мерекесі деп атаған. Ол - тұтас қазаққа ортақ береке-бірліктің, тәртіптің, әдептіліктің, мәдениеттіліктің, былайша айтқанда, барыс-келісті күшейтетін, тазалықтың, жалпы ынтымақтың мерекесі. 14-і күнгі Батыс Қазақстандағы мереке – өте дұрыс мереке", – деп түйіндеді сөзін этнограф.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2068182-amal-aidyn-atauy-merekenin-emes-etnograf-korisu-kunine-qatysty-tyn-derekter-aitty/

pixel