Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда қазақстандық бітімгерлерді Голан жотасына шығарып салу рәсімі өтті (фото)

Опубликовано:

Әскерилер саппен кетіп бара жатыр
Бітімгерлерді Голан жотасына шығарып салу рәсімі. Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Бүгін, 14 наурызда Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Қарулы күштердің бітімгерлік контингентін "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" миссиясына шығарып салуға арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Алаңға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, әскери қызметшілердің туған-туыстары мен әріптестері, парламент депутаттары, атқарушы билік органдары мен ардагерлер ұйымдарының, "Жас-сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері жиналды.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу географиясы мен әртараптандырылуын кеңейту президенттің нұсқауы бойынша іске асырылып отырғанын атап өтті.

Руслан Жақсылықов
Руслан Жақсылықов. Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

"Бұл біз үшін үлкен мәртебе, өйткені қысқа мерзім ішінде әскери-саяси жағдайдағы ерекше тапсырмаларды орындауға дайын, барлық халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін бітімгерлік контингентті дайындап, жарақтай алдық", – деп атап өтті ол.

Қорғаныс ведомствосының басшысы БҰҰ мен халықаралық қоғамдастықтың мемлекетіміз бен оның Қарулы күштерінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ең жауапты міндеттерді орындау қабілетін мойындауының көрсеткіші екенін атап өтті.

Руслан Жақсылықов және әскери қызметкер
Руслан Жақсылықов, әскери қызметкер. Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

"Сонымен қатар бұл еліміз бен әлемдік қоғамдастық алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан біз дайындықтың, тәртіптің жоғары деңгейін көрсетіп, халықаралық аренада Қазақстан Республикасы мен оның Қарулы күштерінің беделін жоғары көтеруіміз керек, – деп түйіндеді сөзін министр.

Жиында сөз алған парламент мәжілісінің депутаттары Константин Авершин мен Болат Керімбек бітімгерлерге ақ жол тіледі.

Руслан Жақсылықов
Руслан Жақсылықов. Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов контингент командирі подполковник Жігер Аиповқа Қазақстанның Мемлекеттік Туын табыс етті. Мемлекетіміздің нышаны Голан жотасындағы қазақстандық бітімгерлік базаның аумағына ілінетін болады.

Подполковник Жігер Аипов бітімгерлік контингенттің жеке құрамы кешенді бітімгерлік дайындықтан өткенін, БҰҰ миссиясының мандаты шеңберінде жүктелген міндеттерді орындауға дайын екенін атап өтті.

Сапта тұрған әскерилер
Әскерилер. Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Голан жотасына 139 қазақстандық әскери қызметші жіберілді. Олар онда миссия мандатына сәйкес, қарама-қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайды.

Ведомство мәліметі бойынша, 2018 жылдан бері 538 қазақстандық әскери қызметші бітімгерлік бөлімше құрамында "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" миссиясына қатысқан.

Қазіргі уақытта Батыс Сахарада 6, Орталық Африка Республикасында 2, Конго Демократиялық Республикасында 2, Ливанда 9 офицер БҰҰ-ның миссияларында қызмет етуде.

Айта кетейік, бұған дейін парламент 430 қазақстандық бітімгерді БҰҰ миссиясын орындауға жіберуді мақұлдағанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2068362-almatyda-qazaqstandyq-bitimgerlerdi-golan-zotasyna-sygaryp-salu-rasimi-otti-foto/

pixel