"Ештеңе ойлаған жоқпын": ҚАЖД басшысы бассейнде тұншыққан жасөспірімді құтқарып қалды (видео)
Жарияланған күні:
Қызылордада әділет полковнигі бассейнге батып кете жаздаған жасөспірімді құтқарып қалды. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Еуразия" бірінші арнасына" сілтеме жасап.
Телеарнаның хабарлауынша, 17 жастағы Төлеген бассейнге сүңгіп, бірнеше секундтан кейін тұншығып, тез күшін жоғалтып, суға бата бастаған. Бақытына орай, полицей Шаймерден Есенкелдиев те сонда демалып жүрген. Ол отбасымен үйге қайтуға дайындалып жатқанда, кенеттен әйелдің айғайлаған дауысын естиді.
"Қарасам, бала бассейннің түбінде жатыр. Тереңдігі 3 метр. Артынан секіргенде ештеңені ойламадым. Бассейннің шетіне сүйреп апардым, ол жерде есін жиғыза бастады", - дейді Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Шаймерден Есенкелдиев.
Демалмай қалған балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді. Төлеген үш күн жансақтау бөлімінде жатып, қазір үйіне шықты.
Аман қалған бала сол күнгі оқиғаны есіне алып, өзін сынап көргісі келгенін айтады.
"Секірсем, судан қорқуды жеңемін деп ойладым. Мен жүзуді білмеймін. Істеген ісімнің нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер", - деп бөлісті Төлеген.
Төлегеннің анасы Айжан Қаржаубайқызы бұлай болғанына әлі де сене алар емес. Ұлы бассейнге досымен барғанын айтты.
"Баламыз аман, дені сау, қазір қасымызда. Бұл – үлкен бақыт. Аналық жүрегім ризашылыққа толы. Мұны өмірімнің соңына дейін ұмытпаймын. Қамқоршы періштеміз іспетті болған жанға және оның жақындарына бар жақсылықты тілеймін", - деп алғысын білдірді Төлегеннің анасы Айжан.
"Кімде-кім қиын жағдайға тап болса, оған көмектесу кез келген адамның міндеті деп ойлаймын. Төлегенмен хабарласып тұрамыз деп ойлаймын, әлі тойын жасаймыз, әскерге жібереміз. Ол телефон соғып, хал-жағдайымызды сұрап тұрады", – деді Есенкелдиев.
Шаймерден Есенкелдиев жұбайымен сегіз бала – 4 қыз және 4 ұл тәрбиелеп отыр. Төлеген қазір бұл отбасының тоғызыншы баласына айналды.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті полковниктің ерлігі елеусіз қалмайтынын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2068629-estene-oilagan-zoqpyn-qazd-bassysy-basseinde-tunsyqqan-zasospirimdi-qutqaryp-qaldy-video/