"Ересек 60 адам 1 қапшық ұнға таласқанын көрдім": Газа секторына барған жалғыз ерікті қазақ қызы ондағы жағдайды айтып берді
Жарияланған күні:
Палестинадағы соғыстан зардап шеккен тұрғындарға көмектесу мақсатында түрлі елден волонтерлер аттанып жатыр. Солардың ішінде жалғыз қазақ қызы Перизат Қайрат та бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ волонтердің Instagram-парақшасына сілтеме жасап.
"Катар, Эмират, Кувейт, Египеттен келген волонтерлердің басым бөлігі ер азаматтар және 16 қыз. Азия елінен келген 1 волонтер - қазақ қызы", - деп жазады Перизат Қайрат өзінің Instagram-парақшасында.
Әлеуметтік желідегі парақшасында айтуынша, волонтерлер арнайы бортпен келген және алдын ала 1 ай арнайы халықаралық оқу-тәжірибеден өткен. Оның барысында:
- медициналық көмек көрсету;
- дұрыс отын жағу;
- төтенше жағдайдағы іс-қимыл;
- ағылшын және араб тілдеріндегі ең маңызды термин сөздерді жаттау сияқты дайындықтан өткен.
Газа секторындағы қиын жағдайды баяндап, "Ересек 60 адамның 1 қапшық ұнға таласып, алдына келген біздей жастардан жылап көмек сұрағаны жаныңа тым батады екен", - деп жазады Перизат.
"Бізге соңғы 40 күнде 2000 баланың аштық пен суықтан өлгенін айтты. Сондықтан үлкендер ыстық тамаққа кезекте тұрған балаларға жол береді", - дейді волонтер.
Ол көмектесемін деушілер BIZ BIRGEMIZ деп аталатын қорға ақша аудара алатынын айтты.
Бұл гуманитарлық көмек сатып алу туралы меморандумы және Палестина елшілігімен келісімі бар қазақстандық жалғыз қор екен.
"Мен волонтер ретінде гуманитарлық көмекті жүзеге асырудың қиындығын алғаш рет бастан өткердім.
Арнайы дайындықтан, бірнеше тексеру мен мақұлдаулардан өткен соң, біз Мысыр шекарасына келдік. Мұнда Палестинадан келген босқындар да бар. Осындай аязды қыста біз халқымыздың – Қазақстан халқының қайырымдылығының арқасында Газа секторындағы 100 000 балаға қысқы күрте бердік. Қаражатты АсарУме қоры жинады", - дейді Перизат.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2068824-eresek-60-adamnyn-1-qapsyq-unga-talasqanyn-korip-zylagym-keldi-zalgyz-volonter-qazaq-qyzy-gaza-sektoryna-attandy/