Алматыда із-түзсіз жоғалған оқушы төрт күннен бері табылмай жатыр
Жарияланған күні:
Алматыда 14 жасар жасөспірім жоғалып кетті, оны төрт күннен бері іздеп жатыр. Іздестіру жұмыстарына полицейлер мен еріктілер қосылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жоғалған 14 жастағы жасөспірім туралы ақпарат Instagram-дағы LIDER.KZ парақшасында жарияланды. Ол 13 наурызда Алматының Жетісу ауданындағы үйінен шығып кеткен. Үстінде қара күрте мен шалбар, ақ-қара кроссовка болған. Белгілері: бойы 150 см, дене бітімі арық, шашы қысқа, сары, көзінің түсі ашық қоңыр.
Қалалық полиция департаментінің өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Осы факт бойынша Жетісу аудандық ішкі істер бөлімі жедел іздестіру ісін қозғады. Іздестіру жұмыстарына аудандық бөлімшенің жедел бөлімінің, жергілікті полиция қызметінің, ювеналды полицияның қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер жұмылдырылды.
Кәмелетке толмаған бала баруы мүмкін деген жерлер тексеріліп жатыр. Бір болжам бойынша, жасөспірімді Алматы маңындағы базарлардың бірінен көргендер бар", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2069610-almatyda-iz-tuzsiz-zogalgan-oqusy-tort-kunnen-beri-tabylmai-zatyr/