"Мұны жақсы нышан деп білеміз": Маңғыстауда ерекше жапалақ суретке түсіп қалды (фото)
Жарияланған күні:
Маңғыстаудағы Тасорпа қаумалының қызметкерлері алғаш рет ақ жапалақты кезіктіріп, оны суретке түсіріп алды, деп жазады Lada.kz.
"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшысы Мыңберген Қаратауовтың сайт тілшісіне айтуынша, өңір фаунасының сирек өкілі алғаш рет кезіккен.
"Бұл – сирек кездесетін, кей жерде кездейсоқ қыстап қалатын құс. Орда мен Қамыс-Самар көлдері, Махамбет ауылынан, Орал, Маңғыстау, Солтүстік Арал маңы, Сырдария аңғары, Тянь-Шань етегіне дейінгі аумақта қыстайды. Кейде Марқакөл көлі аймағында, Батыс Алтайдың етегінде және Зайсан қазаншұңқырында кездеседі.
Көктемде соңғы құстарды сәуір-мамыр айының басында көруге болады. Бізде наурызда пайда болып отыр, біз мұны жақсы нышан деп білеміз, өйткені қазір қасиетті Рамазан мен Наурызнама өтіп жатыр", – дейді Мыңберген Қаратауов.
Қорық қызметкерлері қорық аумағында ақ жапалақтың аталығын кездестірдік деген қорытындыға келіп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2071179-muny-zaqsy-nysan-dep-bilemiz-mangystauda-mamandar-aq-zapalaqty-suretke-tusirip-aldy-foto/