Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елтаңбаны өзгерту, құрылтайда көтерілген басқа да мәселелер: Қошанов парламенттік тыңдалым өткізуді ұсынды

Опубликовано:

Ерлан Қошанов
Ерлан Қошанов. Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Кошанов Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде парламенттік тыңдалым өткізу қажет деп санайтынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Бүгінгі мәжіліс отырысында Ерлан Кошанов жуырда ғана Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өткенін, онда мемлекет басшысы еліміздің рухани-идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап бергенін еске салды.

"Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті проблемаларға тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті.

Соның ішінде депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек", - деді ол.

Қошановтың айтуынша, солардың бірі археология, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы.

"Мәселен, кейінгі күндері қоғам қызу талқылап жатқан Герб мәселесі өзекті болып отыр. Шынтуайтында, аталған мәселенің талқыға түсуі – қоғамдағы пікір алуандығының көрінісі.

Қолданыстағы Гербтің бейнесіне байланысты жастар, қоғам белсенділері тарапынан көтерілген ұсынысқа президентіміз құрылтайда өз пікірін білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Мемлекет басшысы осылайша Герб мәселесін ашық талқылауға шығарып отыр", - деді ол.

Мәжіліс төрағасы бұл ретте жалпы жұртшылықпен бірге, мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажет екенін атап өтті.

"Біздің Герб – сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек. Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе.

Әріптестер, президент белгілеп берген бағыт-бағдар бәріңізге түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде парламенттік тыңдалым өткізуіміз қажет деп санаймын.

Себебі келелі жиында айтылған нақты ұсыныстарды орындау бойынша мақсат-міндеттерімізді бірге айқындауымыз керек", - деді ол.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып жүргенін, мемлекеттік нышанға қатысты ортақ келісімге келгеннен кейін Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланатынын мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2071446-eltanbany-ozgertu-quryltaida-koterilgen-basqa-da-maseleler-qosanov-parlamenttik-tyndalym-otkizudi-usyndy/

pixel