Семей қаласының шеткі аймақтарында Наурыз мейрамы жоғары дәрежеде атап өтілді
Жарияланған күні:
Бүгін қаланың шеткері аумақтарында Наурыз мейрамы тойланды. Атап айтқанда, Степной, Водный, Бобровка, Шығыс кенттері мен Дальняя, Жоламан, Компоселок, Холодный ключ аудандарында «Наурыз мейрамы-2024» мерекесіне арналған ұлттық мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік шараны 10 000-ға жуық адам тамашалады. Бобровка, Водный кенттеріндегі Наурыз мейрамына қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов, Семей қаласының мәслихат төрағасы Данияр Шакаримов қатысты.
"Өздеріңіз білетіндей, қаланың шеткері аумақтарында менің инпекторларым бар. Кенттердегі Наурыз мейрамын сол инспекторлар ұйымдастырды. Ертең, 22 наурызда, орталық алаңда және әртүрлі аумақтарда киіз үйлер тігіліп, ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтілетін болады. Сол шараға барша семейліктерді шақырамын",- деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов журналистерге берген сұхбатында.
Бобровка кентінде өткен Наурыз мейрамында түйе, жылқы, жеті қазынаның бірі тазы, бүркіттен құрылған "керуен" жүрді.
Сонымен қатар қалалық мәдениет сарайының әншілері өнер көрсетіп, арқан тарту, асық ойыны, қой көтеру сынды ұлттық ойындардан жарыстар өтті.
Тұрғындарға Наурыз көже, бауырсақ, палау тегін таратылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2071983-semei-qalasynyn-setki-aimaqtarynda-nauryz-meiramy-zogary-darezede-atap-otildi/