Алматы облысында бүлдіршін 10 күннен бері табылмай жатыр: іздестіру жұмыстарына қатысты жаңа дерек шықты
Жарияланған күні:
Алматы облысында 17 наурызда жоғалып кеткен үш жасар қыз бала әлі табылмай жатыр. Ауыл-аймақты іздеу жұмыстары ешқандай нәтиже бермеген. Сондықтан Күш өзеніндегі су деңгейін бірнеше метрге дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ КТК арнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, Күш өзені жоғалып кеткен қыз баланың үйінің жанында орналасқан. Алайда өзен суының деңгейін бірнеше метрге дейін төмендету үшін тағы бір апта қажет болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстарына тәжірибелі сүңгуірлер тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, 17 наурызда сағат 21.30-да Еңбекшіқазақ ауданының полициясына Күш ауылының 40 жастағы тұрғыны жүгінген болатын. Әйел сол күні сағат 16:00-де үш жасар қызының үйден шығып кетіп, оралмағанын айтқан. Бұл факт дереу аудандық полицияда тіркелген.
Кішкентай қызды іздеу үшін Алматы облысы ПД бастығының жеке нұсқауы бойынша жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторларынан, кинологтардан, ЖПҚБ мен жедел блок қызметкерлерінен құралған арнайы іздестіру тобы құрылды. Қазіргі уақытта арнайы дайындалған иттерді қолдана отырып, кең ауқымды іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Бүлдіршінді іздеуге жергілікті тұрғындар да қосылған. Іздестіру жұмыстарына жалпы саны 300-ге жуық адам қатысып жатыр. Сондай-ақ тікұшақ тартылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2073705-almaty-oblysynda-buldirsin-10-kunnen-beri-tabylmai-zatyr-izdestiru-zumystaryna-qatysty-zana-derek-syqty/