"Фото-видео түсіруге тыйым салынады": Жоғарғы сот Бишімбаевтың процесіне қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша жабық сот отырысы басталды. Онда алқабилер алқасына кандидаттар іріктеледі, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жоғарғы cоттың Коммуникация бөлімінің меңгерушісі Перизат Сәдуақас Facebook-тегі парақшасында отырыста 12 адамнан тұратын (10 негізгі және 2 қосалқы) алқабилер алқасы құрылатынын мәлімдеді.
"Қазақстан Республикасының соты ең алдымен істерді заңдылық, заң мен сот алдындағы барлығының теңдігі, тараптардың теңдігі және ашықтық қағидаттарын сақтауға бағытталғанын атап өткім келеді.
Өздеріңізге мәлім, Қ. Бишімбаевқа қатысты сот талқылауына қоғамның қызығушылығының артқанын ескере отырып, осы іс бойынша ашық сот отырыстарынан ашық онлайн-трансляция ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
Осылайша, онлайн-трансляция арқылы кез келген адам, соның ішінде БАҚ өкілдері бұл сот процесінің барысын бақылай алады. Бұл шешім сот талқылауының ашық әрі жариялы болғанын және жалғасатынын білдіреді", - деп жазды Сәдуақас.
Ол істің алдын ала тыңдауы да ашықтық қағидаты сақтала отырып өткенін айтты. Яғни процеске қатысушылардың және қатысуға ниет білдірушілердің көптігін ескере отырып, отырыстан онлайн-трансляция жүргізілетін қосымша екі зал ұйымдастырылған.
Перизат Сәдуақас баспасөз хабарламасынан кейін осы іс бойынша ашық сот отырыстарының онлайн-трансляциясына сілтемесі бар баспасөз-анонсы жарияланатынын айтты.
"Барлық қызығушылық танытқандар және БАҚ өкілдері процестің барысын бақылай алады", - деді ол.
Осы ретте Жоғарғы сот өкілі журналистерге алқабилер алқасын фото-видеоға түсіруге тыйым салынғанын еске салды.
"Алқабилер алқасын ықтимал қысымдардан қорғау, соның ішінде олардың жеке басын анықтауға жол бермеу үшін алқабилер алқасын фото және бейнежазбаға түсіруге жол берілмейді", - деді Сәдуақас.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074005-foto-video-tusiruge-tyiym-salynady-zogargy-sot-bisimbaevtyn-procesine-qatysty-malimdeme-zasady/