Ақтөбе облысында жүк пойызының бірнеше вагоны рельстен шығып кетті (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Қауылжыр стансасында жүк пойызының жеті вагоны рельстен шығып кетті. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Агенттік мәліметінше, оқиға бүгін сағат 10:00 шамасында болған.
58 вагоны бар Ақтөбе-Шалқар бағытындағы жүк пойызының 7 вагоны рельстен шығып кеткен.
"ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС "Батыс" филиалының директоры Бөріхан Беркімбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Нақты неден болғаны сол кезде анықталады. Қазір Алматы-Ақтөбе және Алматы-Орал жолаушылар пойызы тоқтап тұр. Шамамен 1-2 сағатта қалпына келтірілуі мүмкін", - деді ол.
Агенттік ақпараты бойынша жолаушылар пойызы әзірге Шалқар қаласында тоқтап тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074230-aqtobe-oblysynda-zuk-poiyzynyn-birnese-vagony-relsten-sygyp-ketti-video/