Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Су тасқыны: Ақтөбеде тұрғындар қайықпен жүзуге мәжбүр болды

Опубликовано:

Ақтөбе қаласы
Ақтөбе тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбедегі Геофизик бау-бақша ұжымының тұрғындары өткен түнді ұйқысыз өткізді. Су тасқынымен қатарласа жауған жаңбырдан ағыс күшейіп, бірнеше тұрғын-үй алабын су басты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

28 үйге су кірген.

"Үйім екі күннен бері суда тұр. Іші де, сырты да суға толды. Жаның удай ашиды. Заттарымыздың бәрі су болды. Бізге көмек керек. Үй суда тұра берсе құлайды. Кеше түсте балаларды шығарып үлгердік. Түнімен ұйқы көрмедік", - деді Геофизик бау-бақша ұжымының тұрғыны Клара Нұрмұханова.

Әзірге бұл аумақта екі-үш үйге су кірген. Тұрғындар туыстарының үйін жағалап жүр. Қалғаны дүкенге бару үшін қайыққа мінуге мәжбүр. Олар аулаға судың келуін суағардың жоқтығымен байланыстырып отыр.

"Судың келгеніне екі күн болды. Былтыр жол салғанда суағар жолдар жабылып қалды. Сол жылы көршім суағар жолды жаппа деп қарсы шыққанда жолшылар полиция шақырып, оған айыппұл да салды. Нәтижесінде соның айтқаны рас болып тұр. Суға кетіп қалдық. Көршілерімнің жертөлесі суға толы. Бұрын көтерілгенде есік алдына келіп, қайтатын еді. Биыл басқаша. Бұл қардың көптігінен емес, табиғи суағардың жабылуынан болды. Кеше сол жолын ашып едік, бәрі қалпына келді. Көршімнің үйіне кірген су терезесіне дейін келді", - деді Геофизик бау-бақша ұжымының тұрғыны Зейнел Ақжанов.

Ақтөбе қаласы әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, өткен түнде жауған жаңбыр дала суларының ағысын күшейтті. Елдімекендерге, бау-бақша ұжымдарына қызыл су келіп жатыр.

"Жаңақоныс, Қызылжар, Есет батыр тұрғын алабы, Ақжар-1, Геофизик, Жаңа Қарғалы, Қурайлы, Авиақалашық, Батыс-2, Заречный, Өрлеу, Береке және басқа да алаптарда, одан бөлек саяжайларда, қаланың жеке секторында су тасқынына қарсы шаралар жасалып жатыр. 28 үйге су кірді", - дейді Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

16 наурыздан бастап көктемгі су тасқынына қарсы штаб құрылған. Қалалық штабқа қала тұрғындарынан 3000-нан астам өтініш түскен. Қазір жиналған суды шығару және инерттік материалдармен көмек көрсетілуде.

"Ақтөбе қаласында еріген қар суы көбейіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметі күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Қазір 6655 әскери бөлімі 100 адам дайындады.Сонымен бірге 20982 әскери бөлімінен 54 адам адам мен 6 техника жіберілген еді. Оларды Ақтөбе қаласына кері қарай алдырып жатырмыз. Олар Ақтөбе қаласындағы алдын алу жұмыстарына жұмылдырылады", - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев.

Облыстық төтенше жағдай департаментіндегілер Ақтөбе облысында қауіп төндіріп тұрған аудандардың да бар екенін айтты.

"Мұғалжар ауданындағы Жем және Темір өзендері көтеріліп тұр. Жағабұлақта адамдар эвакуацияланды. Ол жерде 180 адамды эвакуациялау қажет болды. Олар мұнай компаниясының вахталық қалашығында. 180 адамның 93-і бала. Одан бөлек Жем өзенінің көтерілуінен Жағабұлақ, Бірлік және Шеңгелші ауылдарына қауіп төндіріп тұр. Ол жерде жергілікті атқарушы органмен бірге үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Ойыл ауданында Көлтоғай ауылдық округі Амангелді ауылына қауіп төніп тұр. Ол жерде де бөгетті нығайту жұмысы жүріп жатыр",- деді Саид Молдақараев.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074236-su-tasqyny-aqtobede-turgyndar-qaiyqpen-zuzuge-mazbur-boldy/

pixel