Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шұрық-тесік": жүк тасымалдаушылар Жамбыл облысындағы ақылы жолдың сапасыздығына шағымданды

Жарияланған күні:

Жамбыл облысындағы ақылы тасжол
Жамбыл облысындағы ақылы тасжол. Видеодан кадр: КТК

Жамбыл облысында жүк тасымалдаушылар шұрық-тесік ақылы жолды жөндеуді талап етіп отыр. Жүргізушілер 25 жылдан бері жасалмаған айналма жолға ақы төлесе де оның сапасыз екенін айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, жүк тасымалдаушылар тасжолда техникалары жиі сынатынын айтып, кей кездері күре жолды өз күшімізбен күреуге мәжбүрміз дейді. Олардың сөзінше, жолға жауапты мекеме ешқандай стандартқа сай келмейтін ақы алып отыр.

Тілші келтірген ақпарат бойынша шет елдерден жиі қатынайтын жүк тасымалдаушылар жолдың сапасы Қазақстан аумағында өте нашар екенін айтады. Ал жол жүру тарифі өзге елдерден едәуір қымбат. Есесіне ақ қар, көк мұзда тайғанақтап талай көлік аударылған. Ал ауыр жүк көліктері уақтылы тазаланбайтын асу бермес өткелдерде жиі тұрып қалады.

"Не үшін ақы төлеп жүрміз?! Қыста қаншама көлік апатқа ұшырады. Жүргізушілер зардап шегіп жүр! Көктайғақта да, мына ойдым-ойдым жерден шығамын деп көліктерге соғылып жатырмыз. Малды ұрып жатыр, адамды ұрып жатыр. Мұның бәрі жолдың сапасыздығынан", - деді жүк тасымалдаушы Әбдішәкір Саидов.

Жүк тасымалдаушылар жол азабы Жамбыл облысындағы таулы аймақтарда қатты сезіледі дейді. Себебі Күйік асуындағы жаңа жолмен өтуге тыйым салынған. Ал жүк көліктеріне арналған айналма жолдың тозығы шыққан.

Жүк көліктерінің жүргізушілері 20 шақырым айналма жолдан өту бірнеше сағатқа созылады дейді. Бұл жолдың әр шақырымын басып өту орта есеппен 30 теңге тұрады. Ал "Қазавтожол" мекемесі бұған дейін бұл жол учаскесіне ақы алынбайды деп мәлімдеген. Бірақ жүргізушілер оны жоққа шығарды. Жүк жеткізушілер жолдың нашарлығын "Қазавтожол" компаниясынан көреді. Ал жауапты мекеме жүк көліктеріне арналған Күйік асуы биылдан бастап "стандартқа сай жөнделеді" деп сендірді.

"Биыл ұлттық оператормен Жамбыл облысындағы ескі Күйік асуын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Мердігерді анықтау үшін конкурс өткізіліп, келісім жасалды. Мердігер компания қазір дайындықты бастап кетті. Жаңа жол учаскесі 2025 жылы пайдалануға беріледі", - деді "ҚазАвтоЖол ҰК" АҚ пайдалану департаменті директорының орынбасары Серік Мырзағалиев.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" күре жолының бойындағы айналма жолмен күн сайын 15 мыңнан астам жүк көлігі қатынайды. Бірақ жол бойында дәретхана мен автотұрақ деген атымен жоқ. Жүргізушілер ақылы жолға тән қызмет іске қосылмайынша, ақы алуды мүлде тоқтату керек деп отыр.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2075115-suryq-tesik-zuk-tasymaldausylar-zambyl-oblysyndagy-aqyly-zoldyn-sapasyzdygyna-sagymdandy/