Ақтөбедегі су тасқыны: Ойыл тұрғындары дүкенде азық-түлік екі есе қымбаттағанына шағымданды (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында төтенше жағдай жарияланған Ойыл ауданының тұрғындары ауылдағы дүкенде азық-түлік бағасы көтерілгеніне наразылық білдірді. Ауыл тұрғындары жергілікті биліктен мәселені шешуді талап етті. Айтуларынша, ел басына күн туған шақта азық-түлік бағасын қымбаттатқандар жазалануы керек. Бұған қатысты облыстық кәсіпкерлік басқармасындағылар жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданында төтенше жағдай жарияланғанына бүгін – екінші күн. Тасқын су аудандағы орталыққа қатынайтын көпірді бұзды. Тұрғындар қысылтаяң шақта ауыл дүкеніндегі азық-түлік бағасының көтерілгеніне шағымданды.
Желіде ауыл тұрғындары дүкендегі жағдайды баяндап, жергілікті әкімдіктен мәселені шешуді талап еткен сәтінен видео тарады.
"Осындай жағдайды пайдаланып, екі-үш күнге бола бағаны көтеріп жіберіп тұр. Бұл не масқара?! Азық-түлік қымбаттаған. Дүкен иесі "қымбат болса, алмаңдар" деп тұр. Әкімдік қайда, кәсіпкерлік қайда?", - деді тұрғын видеода.
Бұл жағдайға қатысты портал тілшісіне ауыл тұрғындары пікір білдірді.
"Ауданда бірнеше ауыл суға кетті. Ауылдағы дүкенде азық-түлік бағасы қымбаттады. "Нұрлыбек" – аудан орталығындағы үлкен дүкен. Ұн, сұйық май, нанға дейін қымбаттады. Мәселен, нан бағасын 200 теңгеге дейін өсірді. Бұрын нан 120-150 теңге болатын. Қазір облыс орталығымен байланыс жоқ. Көпір бұзылды. Бұл– Ойылдағы үлкен дүкен. Халық шу көтеріп жатыр", - деді Қанат Кенжеғалиев.
Жағдайдан облыстық кәсіпкерлік басқармасы хабардар болып шықты. Олар сауда департаменті шара қабылдайтынын айтты.
"Ойыл ауылындағы азық-түлік дүкенінде бағаның көтерілуіне байланысты жағдай "Нұрлыбек" дүкенінде болған. Сол дүкенде кәсіпкер картоптың бағасын көтерді. Кәсіпкермен әңгіме жүргізілді. Аталған бұзушылық жойылды. Сонымен қатар аталған факт бойынша Ақтөбе облысы бойынша сауда департаменті тарапынан шаралар қабылданатын болады. Қазіргі уақытта Ойыл ауданында мониторинг комиссиясы жұмыс істеуде. Жергілікті кәсіпкерлермен су тасқыны кезеңінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде", - дейді ведомстводағылар.
Басқарма өкілдері тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы негізсіз көтерілген жағдайда Ақтөбе облысы бойынша сауда департаментіне 8 (7132) 54-81-26 телефон нөмірі бойынша шағымдануға болатынын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2075817-aqtobedegi-su-tasqyny-oiyl-turgyndary-dukende-azyq-tulik-eki-ese-qymbattaganyna-sagymdandy-video/