Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында Ворошилов су қоймасы жарылды: 40 тонна балық сумен ағып кеткен

Опубликовано:

Ворошилов су қоймасы
Ворошилов су қоймасы. Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Алматы облысында Ворошилов су қоймасы жарылып, 40 тонна балық сумен ағып кетті. Байкент ауылының халқы екі күннен бері сазан, көксерке мен ақ амурды қармақпен де, қолымен де аулап жүр. Ал су қоймасының иесі шығынды кімнен өтерін білмей дал, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна ақпаратынша, апат 30 наурызда Ворашилов су қоймасында болды. Әу баста кішкентай ғана тесіктен су атқылап ағып, кейін қарқыны күшейіп, жарты сағаттың ішінде бөгетті жарып жіберген. Сарқырап аққан су Жармұхамед өзенінің негізгі арнасына түскен. Абырой болғанда маңайында орналасқан елдімекендерге қауіп төнбеген. Ал сусыз қалған қойманың иесі "шаш-етектен шығынға баттым" деп отыр.

"Ворошилов су қоймасын біз 2017 жылы тендермен 49 жылға ұтып алғанбыз. Осында келетін балықшылардың арқасында күн көріп келген едік. Енді жұмысымыз тоқтап қалды. Апатқа біздің кінәміз жоқ. Менің ойымша, бұл жер сілкінісінің кесірі. 40 тоннадай балық төмен қарай ағып кетті", - деді кәсіпкер Любовь Петрова.

Тілші мәліметінше, тұрғындар төмен қарай ағып кеткен балықтарды аулап алған. Екі күн тоқтамай, мұнда балықшылардың саны үзілмеген көрінеді.

"500 келі ұстадым-ау деймін. Ең үлкені шамамен 15 келі. Ұзындығы метрдей. Судак, амур, сазан бар", - деді Азат Сердалиев.

Әзірге бөгеттің жарылуына нақты не себеп болғаны белгісіз. Бірақ, телеарна ақпаратынша, нөсер жауын-шашыннан емес екені анық. Өйткені сол сәтте су қоймасы жартылай ғана толып тұрған.

"Көлдің сыйымдылғы 1 млн 360мың текше метр. Ол кезде 700 текшесі 50 пайызында болған. Жоғарғы емес, төменгі қабатынан жарылған. Оған енді өзінің уақыты да келген шығар. Өйткені 1910 жылдан бері тұр. Күрделі жөндеу жүргізілмеген", - деді Байкент ауыл округінің әкімі Асхат Қалиев.

Ал бөгетті кім қалпына келтіріп, шығынды кім өтейтінін әкім айта алмаған. Дегенмен ол су қоймасы мемлекет меншігінде болған соң, кәсіпкерге қол ұшын созамыз деп сендірген.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077076-almaty-oblysynda-vorosilov-su-qoimasy-zaryldy-40-tonna-balyq-sumen-agyp-ketken/

pixel