Елдегі су тасқыны: ТЖМ қазіргі ахуал қандай екенін хабарлады
Жарияланған күні:
Қазақстанда су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда. Су басу аймағында 6 облыс қалып отыр: Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Атырау облыстары.
Көкшетау қаласындағы су тасқыны жағдайы тұрақталды. Қылшақты өзенінің деңгейін бақылау үшін өлшеуіш құрылғылар орнатылған. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар су тасқынына қарсы негізгі жұмыстарды аяқтады. Көше-жол төсемінен еріген суды сору жұмыстары жалғасуда.
1 сәуірде еріген қар суының келуіне байланысты Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Тереңсай бөгетінің толып кету және Айке ауылының су басу қаупі туындады. Жүргенов ауылында халықты алдын ала эвакуациялау жүргізілді. Құтқарушылар барлығы 461 адамды қауіпсіз аймаққа апарды.
Аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг, сондай-ақ кейбір өңірлерде өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде.
Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі қызметтері қаптарды инертті материалдарымен толтыру, оларды су басу орындарына төсеу, каналдар мен арық жүйелерін нығайту және арнайы құрылғылармен тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерінен қар суын сору, сонымен қатар елді мекендерде апатты хабарлау және адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мәселен, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 5,3 млн м3 астам еріген су (тәулігіне 304 мыңнан астам текше метр) сорылды. 579 мыңнан астам қапшық (тәулігіне 47 мыңнан астам) және 782 мың тонна инертті материал (тәулігіне 26 мыңнан астам) төселді.
Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан халық пен үй жануарларын эвакуациялау алдын ала жүргізілді. Су тасқыны басталғаннан бері азаматтық қорғау қызметтері 16 151 адамды, оның ішінде 6 316 баланы құтқарып, эвакуациялады. 11 779 бас ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз жерлерге айдалды.
Қазіргі уақытта Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында уақытша орналастыру пункттерінде 3 881 адам, оның ішінде 1 655 бала бар.
320 жеке тұрғын үй мен 940 аула аумағынан су бұрылды. Бұл ретте 1 374 жеке тұрғын үй мен 375 аула аумағы су астында қалып отыр.
Өткен аптада Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері су тасқыны қаупі бар аймақтардан эвакуацияланған 736 адамды, оның ішінде 263 баланы қарады. 29 адамға, оның ішінде 2 балаға медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар Апаттар медицинасы орталығының психологтары зардап шеккендерге шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. "Жедел желі" телефонына 717 қоңырау, оның 674 ақпараттық сипатта, 43 шұғыл психологиялық көмек түсті.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде ТЖМ, ҚМ, ҰҚК және ІІМ Ұлттық ұланның 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Абай облыстарында құтқару операциялары белсенді жүргізілуде. Әуе кемелерімен 1 757 адам, оның ішінде 435 бала эвакуацияланды, 30 тоннадан астам гуманитарлық жүк тасымалданды.
Қауіпті аймақтарды тиімді бақылау және анықтау үшін авиаторлар 27 аэровизуалды ұшуды жүзеге асырды. Басты мақсат осы қиын кезеңде мұқтаж жандарға қауіпсіздік пен көмек көрсету.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарында жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 62 елдімекен көлік қатынасынсыз қалды.
Су шайған 59 автожол, оның ішінде 4 көпір және 55 жол төсемі, су шайған 93 автожол бақылауда.
Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, ҚМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 12 287 адам, 2 830 техника, 782 су айдау құралы және 103 жүзу құралы, 5 әуе кемесі жұмылдырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077760-eldegi-su-tasqyny-tzm-qazirgi-axual-qandai-ekenin-xabarlady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.