"Барлық үйге су кірді": Ақтөбе облысындағы екі ауыл толықтай судың астында қалған (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Қаратал, Екпетал елді мекендерін түгелдей су басты. Қазіргі таңда мыңнан астам ауыл тұрғыны эвакуациялық бекетті паналап отыр, деп хабарлайды Astana TV арнасы.
Телеарна мәліметінше, Ойылдың Қаратал және Екпетал ауылын түгел су басқан. 318 баспана судың астында қалды. Мыңнан астам адам көшірілді. Үш мың бас қой, 600-700 бас ірі қара қырылған. Тұрғындар үйлері түгел суға кеткенін айтады.
"Мен мынадай топан суды көрмеппін. Түнгі сағат 1:30-да су кірді. Сирена естілді. Барлығымыз мектепке тығылдық. Қорқып жылап жүрміз, барлымызда үрей. Мектепке қондық. Мектептің жертөлесі суға толды. Жарлары жарылды. Әйтеуір таңертең ТЖМ келіп құтқарды", - дейді ауыл тұрғыны Тәттігүл Әбиева.
Тілші хабарлауынша, Ойылды да түгел су басқаннан тікұшақтан басқа көлік жете алмаған. Тікұшақтың өзіне қонатын жер болмаған. Ұшқыштар басын қатерге тігіп, мыңнан астам адамды эвакуациялады. Арасында төрт күн бойы нәр татпай, трактордың үстінде, жиналған шөптің үстінде отырған жеті адам болыпты.
"Ойыл ауданында шаруа қожалықта адамдарды құтқару туралы тапсырма келді. Ауданға бардық. Электр проводтар бар жерде болды. Сол үшін вертолет қона алмады. Біз ауада тұрып сол жеті адамды алып шықтық. Ойылға эвакуацияладық, 4 күн тамақсыз, сусыз салқында отырған", - дейді аға ұшқыш-инструктор Рустем Жайлыбаев.
Бұл тұрғындар аудан орталығына жеткізіліп, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілген. Жалпы тікұшақтың көмегімен қатынас жоқ аудан ауылдарға 19 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.
"Шығын көлемі анықталғаннан кейін жобалық сметалық құжаттама дайындайтын мекемемен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Солар жоба-смета құжаттамасы дайындағаннан кейін үй салу жұмыстарына кірісеміз", - дейді Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов.
Сазды және Жіңішке өзені арнасынан тасып, жағасындағы тұрғын үйлер тағы суға кетті. Ол жердегі тұрғындар мектептерге эвакуацияланды.
Телеарна тілшісінің келтірген дерегі бойынша, жалпы облыс бойынша 762 үйді су басқан. Тоғыз үй қирап қалған. 8 749 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2078549-barlyq-uige-su-kirdi-aqtobe-oblysyndagy-eki-auyl-tolyqtai-sudyn-astynda-qalgan-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.