Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда 1993 жылғы су тасқыны қайталануы мүмкін

Жарияланған күні:

Су тасқынының зардаптарын жою
Су тасқынының зардаптарын жою. Көрнекі сурет: ҚР ТЖМ

"Қазгидромет" РМК мамандары Жайықтағы судың көтерілуіне байланысты 1993 жылғы су тасқыны Қазақстанның батысында қайталануы мүмкін деп болжап отыр. Бұл туралы "Ақ Жайық" хабарлайды.

Басылымның мәліметінше, Ириклинск су қоймасынан Жайыққа жіберіліп жатқан судың ағыны секундына 1600 текше метрге артқан. Су қоймасынан жіберілетін ағынның көлемі 2 сәуірден бастап, сағат санап өсіп келеді.

"Қазгидромет" РМК Атырау облыстық филиалының мәліметінше, Ириклинск су қоймасынан жіберілген су көлемі Батыс Қазақстан облысына әлі жеткен жоқ.

"Жоғарыдан келе жатқан су ағыны Батыс Қазақстан облысына бүгін-ертең жетуі мүмкін деп болжануда. Орал қаласына жеткен күннен бастап 4-5 күнде Индер ауданы аумағына кіре бастайды деп күтілуде", - деді "Қазгидромет" РМК Атырау облысы бойынша филиалының жетекші инженер-гидрологы Ақмарал Мизамғалиева.

Гидрологтың сөзінше, Атырау гидробекетіне Жайық өзені бойынша көктемгі су тасқынының келетін су деңгейі 540-600 сантиметрге жетеді деп күтілуде. Бұл жағдай Атырау облысында 1993-94 жылдары тіркелген. 

"Атырау гидробекетіндегі су деңгейі 600 сантиметрден асуы 30 жыл бұрын тіркелген. 1993 жылдары Атырау гидробекетіндегі су деңгейі 601 сантиметрге жетті. Қазіргі кезде су деңгейі 187 сантиметрге жетіп тұр.

Атырау қаласы үшін қауіпті деңгей 550 сантиметр есептеледі. Осы көрсеткішке жеткенде Жайық өзені арнасынан шығып, елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін", - деді Ақмарал Мизамғалиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2079338-atyrauda-1993-zylgy-su-tasqyny-qaitalanuy-mumkin/